Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтанда қасиетті Рамазан айында көмекке мұқтаж отбасыларға азық-түлік себетін тарату жалғасуда.
Айта кетейік, жыл басынан бері елорданың 10 мыңнан астам тұрғынына жан-жақты әлеуметтік көмек көрсетілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Нұр-Сұлтанда «Қайырымды істер» марафоны аясында қасиетті Рамазан айында тағы да 1,5 мыңнан астам әлеуметтік аз қамтылған отбасы азық-түлік себетін алады. Қайырымдылық іс-шарасын қала әкімдігі мен демеушілер бірлесіп ұйымдастырды.
Азық-түлік жиынтықтарын таратуға ҚМДБ, еріктілер және жанашыр азаматтар үлкен көмек көрсетуде. Ал азық-түлік себеттерін жинақтау Әзірет Сұлтан мешітінде жүргізілді, осы жерден елорданың 4 ауданындағы мұқтаж отбасыларға тасымалданды.
Бүгін қасиетті Рамазан айында 1,5 мың азық-түлік себетін таратуды бастадық. Азық-түлік жиынтықтарын жағдайы төмен отбасылар алады, олардың арасында ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, толық емес отбасылар, мүгедек жандар, зейнеткерлер, жетім балалар, көпбалалы аналар және т.б. бар. Азық-түлік жиынтығында ең қажетті тауарлар бар: май, ұн, күріш, жарма, қарақұмық, қант, шай, томат пастасы. Бір азық-түлік себетінің салмағы – шамамен 20-25 килограмм, - деді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының волонтері Дамир Айтымов.
Айта кетейік, биыл Наурыз мерекесі «Қайырымды істер» марафонының аясында өтті. Наурыз айында азық-түлік жиынтығын мыңнан астам мұқтаж отбасы алды. Қайырымдылық қызметті жүзеге асыруға кәсіпкерлер, ірі ұйымдар, еріктілер және қала тұрғындары көмек көрсетеді.
«Сауабы мол іс жасау қашанда маңызды. Мұндай игі бастамалар көбейе береді деп үміттенеміз. Қайырымдылық шаралары кез келген адамның жүрегіне жылу сыйлайды»,- деді волонтер.
Өз кезегінде себет алушылар ұйымдастырушыларға және қайырымдылық акциясына қатысқандарға алғыстарын білдірді.
Жыл сайын осындай сыйлық алып тұрамыз. Бұл бізге үлкен жәрдем. Себетте қажетті тамақ өнімдерінің бәрі бар. Бізді назардан тыс қалдырмай, қасиетті Рамазан айында осындай көмек көрсеткендеріңіз үшін алғысым шексіз. Елімізде тек бейбітшілік болсын! Демеушілерге, еріктілерге және әкімдікке рақметімді айтамын! - деп бөлісті Сапура Байғуанова.
Азық-түлік себетін алғандардың бірі – Нұргүл Аймағамбетова ерекше қажеттіліктері бар баланың анасы. Ол елорда әкімдігіне, меценаттар мен еріктілерге алғысын білдірді.
Әкімдік осы акцияны қолдауға, азық-түлік себетін жинауға және оны мұқтаж отбасыларға жеткізуге барлық адамды шақырады. Көмекке мұқтаж жандарға бірге қол ұшын созайық!
Айта кетейік, жыл басынан бері елорданың 10 мыңнан астам тұрғынына жан-жақты әлеуметтік көмек көрсетілді.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылы «Қайырымды істер» аясында мұқтаж астаналықтарға 15 мыңнан астам азық-түлік себеті таратылды.