Павлодарда өнеркәсіп кәсіпорнының аумағында биіктен құлап, ауыр жарақат алған әйел жансақтау бөлімінде жатыр. Оның жағдайы тұрақты ауыр деп бағалануда.
Оқиға 30 наурыз күні «KSP Steel» ЖШС аумағында болған. Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы BAQ.KZ редакциясына хабарлағандай, 1979 жылы туған зардап шегуші көптеген жарақатпен №1 қалалық ауруханаға шұғыл жеткізілген.
Зардап шегуші жансақтау бөліміне жатқызылды, оған хирургиялық ота жасалды. Жағдайы тұрақты ауыр, есін біледі, - деп мәлімдеді денсаулық сақтау басқармасынан.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталуда. Редакция бұл жағдайға қатысты Өнеркәсіп министрлігіне, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, сондай-ақ Ішкі істер министрлігіне ресми сауал жолдады.
Еңбек инспекциясының түсініктемесі
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті BAQ.KZ тілшісіне оқиғаның «KSP Steel» ЖШС аумағында болғанын растады.
Қазіргі уақытта тергеу жұмыстары ұйымдастырылуда. Комиссия құрамына жұмыс беруші мен жұмысшылардың өкілдері және мемлекеттік еңбек инспекторы кірді. Тергеу 10 жұмыс күні ішінде жүргізіледі. Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталатын болады, - деп хабарлады департамент өкілдері.
Еске салайық, бұған дейін Павлодар облысында кеніште жұмысшы қаза тапты.
Сондай-ақ, 2025 жылғы тамызда кәсіпорында локомотив машинисі тоқ соғып қайтыс болды.