15 кітап, 1,4 млн қатысушы: Қазақстанда «Кітап оқитын ұлт» марафоны қалай өтіп жатыр?

Марафонға қатысушылардың 68,8 пайызы кітаптарды қазақ тілінде оқуды таңдаған. Байқау 2027 жылдың наурызына дейін жалғасып, үздік он оқырманға 10 млн теңгеден сыйақы беріледі.

20 Қазан 2026, 16:50
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Гүлжан Раманқұлова 20 Қазан 2026, 16:50
20 Қазан 2026, 16:50
161
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Гүлжан Раманқұлова

Қазақстанда өтіп жатқан «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» республикалық марафонына 1,4 миллионнан астам адам тіркелген. Қатысушылар алты ай ішінде 15 кітап оқып, шығармаларға пікір жазып, интеллектуалдық сынақтардан өтуі керек. Марафон қорытындысы бойынша елдің үздік он оқырманының әрқайсысына 10 млн теңгеден беріледі. BAQ.KZ тілшісі марафонның ережелері мен негізгі кезеңдеріне шолу жасады.

Марафонға оқушылар мен студенттер, мұғалімдер мен мемлекеттік қызметшілер, отбасылар және кітап оқуды ұнататын азаматтар қатысуда. Бірі жүлде үшін бақ сынаса, енді бірі байқаудан тыс бағытта кітап оқиды. Алайда олардың негізгі міндеті ортақ: алты ай ішінде 15 шығарма оқу.

Үш өңірден басталып, бүкіл елге тарады

Жоба алғашында шағын ауқымда жүзеге асқан. 2025 жылы пилоттық режимде Қарағанды және Қостанай облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында іске қосылды. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, сол кезде кітап оқуға 189 мыңнан астам адам қатысқан.

2026 жылғы қыркүйекте марафон республикалық деңгейге көтеріліп, еліміздің барлық 20 өңірін қамтыды. Қатысушылар кітаптарды қазақ немесе орыс тілінде оқи алады.

«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков бұған дейін жобаның алғашқы жылы бүкіл жүйені сынақтан өткізу кезеңі болғанын айтқан. Бұл ретте цифрлық платформаның жұмысы мен халықтың байқауға қатысу белсенділігі бағаланған.

Біз жобаны іске асырудың негізгі тетіктерін тәжірибе жүзінде сынап, қатысушылардың белсенділігін, ұйымдастыру үдерістерін және цифрлық платформаның жұмысын зерттедік. Жинақталған тәжірибе негізінде жобаның форматы мен іске асыру тетіктерін жетілдірдік. Нәтижесінде биыл жоба кеңейтіліп, кітап оқуға арналған республикалық марафон ретінде жаңа форматта өткізіліп жатыр. Оған еліміздің барлық өңірінің тұрғындары қатысуда, – деді Бақытжан Тұрлыбеков.

27 қыркүйекте негізгі кезеңге тіркелу аяқталғанда байқау бағдарламасына 1 373 325 адам тіркелген. Қатысушылардың 68,8 пайызы қазақ тілін таңдаса, 31,2 пайызы марафонға орыс тілінде қатысуды жөн көрген.

20 қазандағы көрсеткіш бойынша, ресми платформадағы көрсеткіш 1,4 миллионнан асты. Бұл санға байқаудан тыс бағытта тіркелуін жалғастырған азаматтар да кіреді.

Қатысушылардың басым бөлігі – оқушылар

Қатысушылар саны бойынша «Кітап оқитын мектеп» санаты көш бастап тұр. Бұл бағытқа 681 704 адам қатысуда.

Қалған санаттардағы көрсеткіштер төмендегідей:

  • «Кітап оқитын педагог» – 224 319 қатысушы;
  • «Кітап оқитын колледж» – 156 950;
  • «Кітап оқитын университет» – 112 988;
  • «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» – 86 525;
  • «Кітап оқитын зияткер» – 67 614;
  • «Кітап оқитын әулет» – 40 730.

Демек, марафон тек балалар мен жастарға арналмаған. Ортақ жобаға оқушылар, ұстаздар, мемлекеттік қызметшілер және тұтас отбасылар қатысып жатыр.

Қатысушылар алты айда не істеу керек?

Марафонның басты шарты – 15 кітап оқу.

Қатысушыларға қазақстандық және әлемдік әдебиеттің 330 шығармасы ұсынылған. Әр санат үшін жеке тізім жасалған, ал қатысушы сол тізімнен өзіне қажетті кітаптарды таңдайды.

Алайда кітапты оқып шығу жеткіліксіз. Әр шығармадан кейін reading-nation.kz платформасына пікір қалдыру қажет. Қатысушы кітаптың мазмұнын баяндап, өз көзқарасын білдіреді.

Тапсырмаларды орындағаны үшін қатысушыларға балл беріледі. Жинаған ұпайы олардың рейтингтегі орнына әсер етеді.

Кітап оқу кезеңі 2027 жылдың наурызына дейін жалғасады. Одан кейін тестілеу, іріктеу кезеңдері және интеллектуалдық квиздер өтеді.

Жүлдеге таласпай-ақ қатысуға болады

Марафонға қатысып, кітап оқығысы келетін, бірақ ақшалай сыйлық үшін бәсекеге түскісі келмейтін азаматтарға Parasat бағыты қарастырылған.

Бұл бағытта да 15 кітап оқып, пікір жазып, қорытынды тестілеуден өту керек. Алайда Parasat қатысушылары ақшалай жүлделер үшін жарысқа қатыспайды.

Бұл бағытқа 2026 жылғы 30 қазанға дейін тіркелуге болады.

Жеңімпаздарға қанша сыйақы беріледі?

Өңірлік кезеңде бірінші орын алған қатысушыға 600 мың теңге, екінші орынға – 450 мың теңге, үшінші орынға 300 мың теңге беріледі.

Алайда байқау мұнымен аяқталмайды. Өңірлік кезеңнің жеңімпаздары жеке форматта өтетін келесі кезеңде бақ сынайды. Олар эссе жазып, оқыған шығармаларын таныстырып, сарапшылар алқасының сұрақтарына жауап береді.

Астанада өтетін республикалық финалға әр өңірден он адамнан, жалпы 200 қатысушы іріктеледі.

Олардың арасынан елдің ең үздік он оқырманы анықталады. Әр жеңімпазға 10 млн теңгеден беріледі.

Осылайша, республикалық кезеңдегі он жеңімпазға берілетін сыйақының жалпы көлемі 100 млн теңгені құрайды.

Мемлекетке «кітап оқитын ұлт» не үшін қажет?

Марафон елде кітап оқуды кеңінен насихаттауға бағытталған ауқымды бастамалардың бірі саналады.

2026 жылғы 16 мамырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Оқу мәдениетін дамыту және оқитын ұлтты қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.

Құжатта кітапханаларды дамыту, қазақстандық жазушылар мен кітап басып шығару саласын қолдау, сондай-ақ Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру көзделген.

Үкіметке 2026 жылдың соңына дейін 2027-2031 жылдарға арналған «Оқитын ұлт» оқу мәдениеті мен кітап ісін насихаттау тұжырымдамасын бекіту тапсырылған.

Марафонның қорытынды нәтижелері 2027 жылдың көктемінде белгілі болады. Сол уақытта қатысушылардың қаншасы белгіленген талаптарды толық орындап, 15 кітап оқып, барлық кезеңнен өткені анықталады.

Ал басты сұрақ бұдан да ауқымды: рейтинг, тестілеу және ақшалай сыйлықтар аяқталғаннан кейін кітап оқу әдеті сақтала ма?

Наверх