Қазақстандағы орташа зейнетақының мөлшері де белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жиынтық сома - 143 529 теңге. Бұл өз кезегінде ынтымақты және базалық зейнетақы болып екіге бөлінеді. Кейінгі аталғаны кезек-кезеңімен арта бермек. Нақтылай айтсақ, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап 5 жыл бойы базалық зейнетақының ең аз мөлшері - төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына тең болуы керек. Ал ең жоғарғы көрсеткішті 120 процентке жеткізу біртіндеп жүзеге асады.
Айта кетейік, елде 2,5 миллионға жуық зейнеткер бар. Ал оларға төленетін ақы 2 триллион 98 миллиардқа жетіпті. Оның ішінде базалық төлемге 678 млрд жұмсалса, ынтымақты зейнетақыға 1 трлн 419 млрд теңге бөлінген. Зейнетақы инфляциядан озып, өсіп жатыр. Мәселен, 2025 жылдың қаңтарынан бері зейнеттік төлемдер елдегі инфляция деңгейінен 2 пайыз жоғары көрсеткішке жетіпті. Бұл ретте негізгі өсім ынтымақты зейнетақыда.