Алматы облысында 14 жастағы жасөспірім көз жұмды. Туыстары оны құрдастары соққыға жықты деп есептейді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Оқиғаға қатысы бар деп күдікке ілінген кәмелетке толмаған жасөспірім қамауда отыр.
Бейнебақылау камералары мектеп оқушысының өмірінің соңғы минуттарын тіркеп үлгерген. Онда жасөспірім құрдастарымен амандасып, бірге көшеде жүрген. Осы кездесуден кейін оны ес-түссіз күйде тауып алған.
Тоғыз жарымда үйге қайтып келе жатқанын айтқан. Ұзақ кідірген соң, 20 минуттан кейін қоңырау шалдық. Тұтқаны әйел адам көтеріп: “Ұлыңыз ес-түссіз біздің үйдің алдында жатыр” деді. Оны балалар ауруханасына жеткізіп, бірден реанимацияға жатқызды. Ол онда 17 күн жатты да, қайтыс болды. Өздігінен құлаған жоқ, оны ұрған, – деді марқұмның әкесі Данияр Нұрғалиев.
Ер адамның айтуынша, бір топ жасөспірім камералар жоқ дүкеннің артындағы тыныш жерде ұлын соққыға жыққан.
Туыстары құқық қорғау органдарына арыз жазуға шешім қабылдаған кезде, оқушылардың бірінің анасы ұлының марқұмды абайсызда ұрғанын мойындап, істі бейбіт жолмен шешуді сұраған. Күдікті ұсталып, істі полиция жүргізіп жатыр.
Кәмелетке толмағанның өліміне әкеп соққан дене жарақатын салу фактісі бойынша полиция қызметкерлері қылмыстық іс тіркеді. Күдікті жедел ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деді Алматы облысы полиция департаментінің өкілі Ернар Сайділдин.