QAZAQ AIR компаниясында 14–15 қазан күндері бірқатар рейстер өндірістік себептерге байланысты кешігеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Астана қаласындағы ұшу-қону жолағының уақытша жабылуын ескере отырып, әуе рейстері кезең-кезеңімен кідірістермен орындалуда. Кешіккен рейстердің барлық жолаушысына ақпарат берілді. Оларға әуе көлігімен жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау қағидаларының 2-тармағының 38-тармақшасына сәйкес қонақүйде орналастыру, ыстық тамақ және трансфер қызметтері ұсынылуда. Сондай-ақ тегін қайта брондау және авиабилеттердің толық ақшасын қайтару мүмкіндігі бар, - деп жазылған әуе компаниясының хабарламасында.
QAZAQ AIR жолаушылардан орын алған қолайсыздықтар үшін кешірім сұрайды және түсіністік пен сабырлылық танытқандары үшін алғыс білдіреді.
Біз жағдайды жедел шешу және барлық жолаушылардың қауіпсіз түрде межелі жеріне жетуін қамтамасыз ету үшін бар күшімізді салудамыз. Біздің басты басымдығымыз – жолаушылардың қауіпсіздігі, – деп атап өтті әуе компаниясында.