Атырауда 13 бала мен 2 ересек тұрғын уланған бассейн жұмысын арнайы рұқсат құжатсыз жалғастыра берген. Қазір 3 бала әлі ауруханада жатыр. Зардап шеккен бүлдіршіндердің ата-аналары емге қажет шығынның бәрі өтелсін деп талап етуде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Атыраулық тұрғын Ақбаян Бисенғалиева кеше түскі уақыт шамасында қала ортасында орналасқан су жаңа бассейндердің біріне барған. Аптап ыстықтан амалдаймыз деп келгенде кенет баласы өзін жайсыз сезініп, құса бастаған, кейін жағдайы тіптен нашарлап, талып қалған. Жалғыз Ақбаянның емес, аквапаркте болған 15 адамның жағдайы күрт нашарлап, не істерін білмей дал болыпты.
Біз сағат 12:00 шамасында бардық. Жилгородок ықшам ауданында орналасқан. Әлеуметтік желіден көрдік. Ашылғанын естідік те көрейікші деп келдік. Бір сағат өтер өтпестен балалардың бәрі уланып, жөтеліп, құса бастады. Менің балам да отырған. Жасы үште. Өз бетімен отырды да кенет тұншыға бастады. Күйеуім барып, суға қақалып қалған болар деп ойласа, көзі айналып кеткен, ауа жұта алмай жатыр екен. Сөйтіп қасындағы сап-сары суды көрдік. Таза хлор тәрізді. Ауаға бірдеңе шашып жібергендей, бәріміз тұншықтық. Тыныс ала алмадық. Дереу жедел жәрдем шақырдық бірнешеу деп. Себебі бір жедел жәрдемнің күші жетпейтін еді бәріне көмек көрсетуге. Сөйтіп аураханаға түсті. Жансақтау бөліміне жатқызылды. Қазір міне әлі жүрміз. Жыларман күйдеміз. Ол нысандағы жауапты қызметкерлер алғашқы көмек көрсетуге де дайын болмады. Ал кәсіпкердің өзі болған жағдайдан кейін келіп кешірім сұраған жоқ. Тек әкімші ғана жүрді. Біз ол бассейннің жабылғанын қалаймыз. Басқа адамдар ондай жағдайғға тап болмауы керек, - дейді қала тұрғыны Ақбаян Бисенғалиева.
Жалпы ол кәсіпкерлік нысаннан 15 адам уланған. Оның екеуі ересек, қалған 13-бала. Ауруханаға жеткізіліп медициналық көмек алған 10 баланың жағдайы жақсы болғасын үйлеріне жіберілген. 3 бала жансақтау бөліміне жатқызылып, қазір әлі дәрігерлердің жіті бақылауында. Жағдайлары жақсы дейді ақхалаттылар. Десе де хлордың науқастардың денсаулығына қаншалықты әсер еткенін тексереміз дейді. Оған шамамен 3 күндей уақыт кететін көрінеді. Ал ата-аналар алдағы емге қажетті қаржының бәрін кәсіпкер өтесін деген талап қойып отыр.
Мен өзім келініммен бірге, 6 баламен бардым. 4 жастағы және 5 жастағы екі баламыздың жағдайы нашарлап, көз алдымызда қиналды. Беттері бозарып, аяқтары мұздай болып, жөтеліп жаман болып кетті. Не болғанын түсінбей қалдық ана жерде. Пальма деген бассейн. Жақында ғана ашылған. Су алып келетін бір қызметкер болмады сол жерде. Барлық ата-ана балаларын ұстап жүгіріп кетті ана жерде. Бассейннің ересектер жағында ештеңе болған жоқ. Балаларға арналған аумағында сондай болды. Хлордан уланды деп түсіндік. Оны дәрігер де растады кейін. 6 балаға біз 30 мың теңге төледік. Ақшамызды сол жерде қайтарып берді. Енді кәсіпкер балаларымыздың еміне қажетті барлық ақшаны өндіріп берсін дейміз, - дейді аналардың бірі Алтынгүл Наушабаева.
Дәрігерлер науқастардың бәріне тиісті деңгейде көмек көрсетілгенін айтады. Үйге шығарылғандарының өзі тұрғылықты мекенжайы бойынша медициналық ұйым қызметкерлерінің бақылауында болатынын жеткізді. Бұл фактіге қатысты облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Қазір тергеу жүргізіп жатыр.
Атырау қаласындағы бассейндердің бірінде адамдардың улануына қатысты қазіргі таңда қылмыстық іс тіркеліп, кешенді тергеу амалдары жүріп жатыр. Жан-жақты тексеріліп жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды, - деді Облыстық ПД Баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары судан арнайы сынама алған. Оның қорытындысы көп ұзамай шығады деді. Егер қандай да бір бұзушылық аныықталса, кәсіпкерлік субъектісіне айыппұл салынады. Айыппұлдың мөлшері нысанның шағын, орта не ірі бизнес өкілінің қайсысына жататыны анықталғаннан кейін ғана белгілі болады. Ал бассейн қазір жабық тұр. Жұмысы уақытша тоқтады. Ресми өкілі болса құзырлы органдардан бөлек өзіміз де жағдайдың неден болғанын анықтап жатырмыз деді. Зардап шеккендердің бәріне көмек көрсетілетінін ашық айтты.
Кешегі күндегі ыстыққа байланысты біздің мини аквапарктың ішінде жарық бірнеше рет өшіп, қосылды. Өшірілген кезде генераторлар ауысты. Сол кезде техникалық ақау орын алды деп ойлап отырмыз. Енді қазір тергеу жүргізіп жатыр жауаптылар. Одан бөлек біз өзіміз іштен, өз тарапымыздан шағын техникалық анықтау өткізіп жатырмыз. Мына жағдай қалай болғанын және енді ондай жағдай қайталанбауы үшін біз қандай шара қолдануымыз керек, соны қарастырып жатырмыз. Қазір айтатынымыз барлық кемшіліктерді мойындаймыз. Алдағы уақытта мұндай жағдай енді қайталанбауы үшін шаралар қолданамыз. Зардап шеккен адамдарға келетін болсақ, ол ата-аналардың алдынан кешірім сұрап, оларға материалдық көмек көрсететінімізге кепіл береміз, - дейді кәсіпкерлік нысанның өкілі Ерік Ботақанов.
Атырау облысы әкімдігінің өкілдері бұл жағдайдан кейін облыстағы барлық бассейн мен аквапарктер тексерілетінін жеткізді. Тұтынушыларының өміріне қауіп төндірген кәсіпкерлік нысанға қандай шара қолданылатыны тергеуден кейін, сондай-ақ сынама қорытындысы шыққаннан кейін ғана белгілі болады. Айта кетейік, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мамандарының сөзінше бұл бассейнде жұмыс істеуге қажетті арнайы рұқсат құжаты болмаған.
Еске салайық, Атыраудағы бассейнде 14 адам хлордан уланғаны хабарланған.