Өскемендегі 120 сайлау учаскесі сайлаушыларды қабылдауға толық дайын

8 Маусым 2019, 18:30
4424
Бөлісу:
Өскемендегі 120 сайлау учаскесі сайлаушыларды қабылдауға толық дайын

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ертеңгі ҚР президенті сайлауына облыс орталығынан 244 мыңнан астам сайлаушы қатысып, өз дауыстарын беруі мүмкін. Бұл жөнінде Өскемен қалалық Аймақтық Сайлау комиссиясы хабарлады.  

«Өскемен қаласы бойынша 120 сайлау учаскесі бар. Оның 10-ы жабық учаскелер, яғни әскери бөлімшелер мен ауруханаларда орналастырылған. Жалпы, қала бойынша 944 сайлау комиссиясының мүшесі бар. Олардан бөлек, әр үміткерден тағайындалған және ТМД мемлекеттерінен келген халықаралық бақылаушылар да бар. 2019 жылдың тоғызыншы маусымы күні сайлау комиссиясы өз жұмысын таңғы сағат 6.00-де бастайтын болады. Кешкі сағат 20.00-де сайлау учаскелері жабылып, дауыс берілген бюллетендерді санау басталады», - деді Өскемен қаласы Аймақтық Сайлау комиссиясының төрағасы Фархад Құрманов.

Ол бүгінгі таңда барлық ұйымдастыру мәселесінің аяқталып, әр сайлау учаскесіне қажетті бюллетендер мен құжаттардың жеткізілгенін айтады. Осылайша қаладағы барлық 120 сайлау учаскесі ертең өтетін Қазақстан Республикасының президенті сайлауына сақадай-сай әзір.

«Облыс орталығында 244 667 сайлаушы бар. Бұлардың барлығы тіркелген және әрбірінің барып дауыс беретін сайлау учаскелері анықталған. Бұдан бөлек, өздігінен жүріп-тұра алмайтын мүмкіндігі шектеулі немесе денсаулық жағдайы келмейтін азаматтарға сайлау комиссияларының мүшелері өздері үйлеріне барып президент сайлауына жағдай жасайды. Ол үшін мұндай азаматтардың барлығынан өтініштер қабылданып, тізімдері жасақталып қойған», - деп қосты Фархад Сақанұлы. 

Өзгелердің жаңалығы