Германия бундестагының бюджеттік комитеті Украинаға 11 миллиард еуродан астам қосымша әскери көмек бөлу туралы шешімді бекітті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бундестаг депутаты Свен-Кристиан Киндлер бұл шешім тарихи қаржылық пакетпен қатар, Германияның Еуропадағы қауіпсіздік пен тұрақтылық үшін жауапкершілік алатынын көрсететін маңызды белгі екенін атап өтті.
Ал депутат Андреас Шварц бундестагтың бұл шешімі Ресей президенті Владимир Путинге жіберілген маңызды саяси сигнал екенін айтты.
Біз уәдемізде тұрамыз, жауапкершілікті мойнымызға аламыз, Батыс альянсын және Украинаны күшейтеміз, – деді ол.
Бұған дейін Германия канцлері Олаф Шольц Украинаға әскери көмектің жалғасатынын мәлімдеген болатын.
Біз Украина бізге арқа сүйей алатынына және Еуропа оны қиын жағдайда жалғыз қалдырмайтынына сенімдіміз, – деді ол Берлинде Франция президенті Эммануэль Макронмен кездесуден кейін.