Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Президент жасаған мәлімдемесіне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Зарқын Тайшыбай пікір білдірді.
Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мына мәлімдемесін бүкіл халықпен бірге мен де тыңдадым. Осындай сын жағдайда біздің бүкіл тілегіміз, арманымыз, жұмысымыз бәрі бір болуға тиісті. Қиыншылық жағдайда мемлекеттік қызметкердің, әрбір адамның ел қоғамының әрбір мүшесінің қандай екендігі сынға түседі. Соның ішінде Президенттің айтқан сөзінің еріктілерге, мемлекеттік және тағы да басқа қызметкерлерге айтқан пікірлерімен қоса, журналистерге айтқан алғысын ерекше айтқым келеді. Журналистерге міндет болып келетін халықты адал әрі шын ақпаратпен қамтамасыз етіп тұрудағы еңбектеріне алғыс айтамын деген сөзін қолдаймын, - деді профессор.
Сонымен қатар, профессор 11 мамырда төтенше жағдайдың тоқтатылуына қатысты да ойын айтты.
11 мамырдан кейін карантинге қатысты іс-шаралар бәсеңдейтін болса, халық өзінің арнасына түседі. Сондықтан "Бәріміз біргеміз!" деп ұрандатқан, жас та, кәрі де, қызметтің қай саласында істесе де, төзімділік пен шыдамдылық танытып, мемлекеттің жасап отырған тежеулеріне бағынып, елімізді осындай үлкен індет апатынан сақтайық. Қазақстан мемлекетінде әрбір адамның құны қымбат. Сондықтан әрбір адамның денсаулығына әркім өзі сақ болу қажет, - деді Зарқын Тайшыбай.