Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020 жылдың 11 айында Ақтөбе облысының Полиция департаменті 551 жол-көлік оқиғасын тіркеді.
Салдарынан 88 адам қаза тауып, 732 адам жарақат алды, деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Жол-көлік оқиғаларының едәуір бөлігі елді мекендерде (370), республикалық және халықаралық маңызы бар жолдарда (109) болған, онда жалпы 55 адам қаза тауып, 162 адам жарақат алған.
Ақтөбе облысының аумағында 2020 жылғы 9-28 қараша аралығында қайғылы оқиғаға әкеп соққан жол-көлік оқиғаларының 15 фактісі анықталып, салдарынан 16 адам қаза тапты.
Бұл көлік құралдарын жүргізушілердің метеорологиялық және жол жағдайларын ескермейтіндігін, қарсы қозғалыс жолақтарына шығатындығын, қозғалыс қауіпсіздігіне мән берместен басып озу маневрін жасайтындығын көрсетеді, - деп атап өтті Департамент бастығы Атығай Арыстанов.
Осыған байланысты, Полиция департаменті жүргізушілерден жолдарда мұқият болуды сұрайды.