Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елімізде "100 жаңа есім" жобасының ІІІ маусымы бойынша дауыс беру кезеңі басталды, деп хабарлады Қызылорда қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Дауыс беру кезеңі 2019 жылғы 20 қарашаға дейін жалғасады.
Республика бойынша қазақстандық жас кәсіпкерлер арасынан – 129 адам, ақ халатты абзал жастардан – 106 адам, мәдениет жастарынан – 373 адам, қоғам белсенділерінен – 307 адам, салауатты өмір салтын ұстанатын – 411 адам, ғылым-білім жолында еңбек етіп жүрген – 336 адам және т.б. қазақстандық жастың және Қытай мен Ресейдегі қазақ жастарының өтінімі қабылданды.
Ал жобаға Қызылорда облысынан 122 өтінім берілген. Жас та болса біршама жетістіктерге жеткен сырбойылық жобаға қатысушыларды қолдауға, дауыс беруге, жеңімпазды анықтауға атсалысыңыз, - делінген хабарламада.Қалай дауыс беруге болады?
Дауыс беру үшін https://100janaesim.ruh.kz/ сілтемесін басып, кез келген іздеу жүйесі арқылы жобаның негізгі сайтына өтіп, тінтуірді қалаған қатысушыңызға жақындатсаңыз "дауыс беру" тетігі шығады. Сол тетікті бір рет басу арқылы сіз анкетаға өте аласыз. Анкетаның (қатысушы фотосының) астында тұрған "дауыс беру" тетігін тағы басқан соң, жүйе сіздің электронды мекенжайыңызды сұрайды. Электронды мекенжайды енгізу арқылы құпия код ала аласыз. Құпия кодты көрсетілген жерге жазу арқылы сіз қатысушыға дауыс бересіз.
Бір адам бір ғана рет дауыс бере алады.