"100 млн теңге залал": Тараз әкімдігінің қызметкерлері тергеуге алынды

30 Шілде 2024, 14:36
426
Бөлісу:
"100 млн теңге залал": Тараз әкімдігінің қызметкерлері тергеуге алынды
Фото: Арман Мухатов - архив

Қаржылық мониторинг агенттігі Жамбыл облысының прокуратурасымен бірлесіп, Тараз қаласы әкімдігінің қаржы бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты бірқатар заң бұзушылықтар бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қала әкімшілігінің қызметкерлері мемлекет кірісіне түскен тауарлық-материалдық құндылықтардың есепке алынбауын пайдалана отырып, ресми құжаттарды қолдан жасау жолымен соттардың үкімдері бойынша тәркіленген коммерциялық жылжымайтын мүлік пен халық тұтынатын тауарларды мекеменің балансынан заңсыз шығарып алған.

Аталған азаматтардың заңсыз әрекеттерінен келтірілген залал сомасы 100 млн теңгеден асады. Қазіргі уақытта тергеу-жедел іс-шаралар, тиісті сараптамалар жүргізілуде, олардың нәтижелері бойынша іс жүргізу шешімдері қабылданатын болады. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жариялауға жатпайды, - делінген хабарламада.

ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.

Өзгелердің жаңалығы