Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысы Қазығұрт ауданында еңбегі мен іскерлігінің арқасында кәсіптерін дөңгелетіп отырған азаматтар жетерлік. Осындай нар тұлғалы азаматтардың бірі, кәсіпкер – Сырым Ертаев. Ол Қазығұрт ауданындағы аз қамтылған отбасыларға баспана тарту етпек, деп хабарлады өңірлік коммуникациялар қызметі.
Әрбір уақытының қадірін жете түсіне білген олар қазірде кәсіпкерлерге айналған нағыз белсенді тұлғалар. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Жомарт жүрек» базалық жобасы аясында аудандағы кәсіпкерлер мен демеушілер тарапынан аз қамтамасыз етілген, көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі отбасыларға, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, жалғызілікті қарттарға көп көмек берілуде.
Қазығұрттық кәсіпкер – Сырым Ертаев «Қазақстанның 100 жаңа есімі» байқауының жеңімпазы, Қазығұрт ауданының Құрметті азаматы.
Ол өз есебінен 2017-2018 жылдары тұрмысы төмен Алтынтөбе ауыл округінен 2 отбасыға, Қарабау ауыл округінен 3 жанұяға, Жаңабазар ауыл округінен – 2, жалпы 7 отбасыға үй салып берген. Сондай-ақ, биыл да бұл қайырымды ісін жалғастыра отырып жуық арада Жігерген ауыл округінен – 1, Қазығұрт ауыл округінен – 2, жалпы 3 жанұяға баспана тарту етпек.
Сонымен қатар, кәсіпкер мұсылман қауымы үшін жылдың ең қасиетті, әрі ерекше айы – Рамазан айында аудандағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған 500 отбасыға азық-түлік үлестіріп, 5 млн теңге көлемінде көмек көрсетті.
Барымен бөлісуді мұсылмандық борышы деп ұғынған жаны жомарт жан осылайша ізгілік жасауды дәстүрге айналдырған.