10 мың астамнан түлекке дәрігерлік диплом табысталды

Кеше, 23:52
201
Бөлісу:
10 мың астамнан түлекке дәрігерлік диплом табысталды
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Еліміздің бес мемлекеттік медицина университетінің үздік түлектеріне диплом тапсыру рәсімі елордалық "Астана Опера" театрында салтанатты түрде өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

Биыл 10 570 қазақстандық және шетелдік студент дәрігерлік диплом алды, оның ішінде:

  • Мемлекеттік гранттардың есебінен - 5350 (50%);
  • ⁠Жергіліктіатқарушы органдармен медициналықұйымдардың гранттары – 937 (9%);
  • ⁠Ақылы негізде - 4190 (41%).

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес кадр тапшылығын төмендету және денсаулық сақтау қызметтерінің сапасын арттыру үшін жыл сайын медициналық мамандықтар бойынша гранттардың саны артып келеді.

Мемлекеттік гранттың есебінен оқытылған түлектердің 76%-ы өңірлер мен медициналық ұйымдарға бөлінді, 22%-ы "Білім туралы" Заңға сәйкес бөлу бойынша жұмыстан босатылды, 2%-ы өз бетінше жұмысқа орналасты.

Бөлу кезінде практикалық денсаулық сақтау қажеттіліктері ескерілгенін айта кеткен жөн. Осылайша, медицина қызметкерлерінің тапшылығы орта есеппен 85%-ға жабылады деп күтілуде.

Жас дәрігерлерге заманауи технологиялар мен тәжірибелерді енгізу, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жетілдіру қажет. Әкімдіктердің негізгі міндеті-жас мамандарға тәлімгердің басшылығымен жұмыс істеуде де, тұру үшін де тиісті жағдайларды қамтамасыз ету, - деп атап өтті министр Ақмарал Әлназарова.

Министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында ауылдық елді мекендерге жас мамандарды жұмысқа орналастыру үшін бірқатар шаралар қабылдады:

  • 2024 жылдың қаңтар айынан бастап аудан орталықтарына жұмыс істеуге келген мамандар үшін бюджеттік кредит 2 500 АЕК (9,2 млн теңге) дейін, ауылдық елді мекендер үшін – 2 000 АЕК (7,3 млн теңге) дейін ұлғайды.
  • Ауылдық жерге кемінде 5 жыл мерзімге жұмысқа орналастырылған аса тапшы мамандықтардың медицина қызметкерлері жергілікті бюджет қаражаты есебінен 100 ЕТЖ (8,5 млн теңге) алады.
  • ⁠Мемлекеттік медициналық ұйымдардың медицина және фармацевтика қызметкерлерінің халықтың әлеуметтік осал топтарынан кейін әлеуметтік қолдау шараларын, жергілікті бюджет қаражатының есебінен қосымша жеңілдіктер мен ынталандырушы төлемдерді алуға басым құқығы бар.
  • Медицина қызметкерлерінің балалары балабақшаға қабылдануға басым құқыққа ие болады. Қызметтік міндеттерін атқару нәтижесінде қаза тапқан немесе мүгедек болған медицина қызметкерлерінің балалары ЖОО-ға конкурстан тыс қабылданатын болады.

Денсаулық сақтау министрлігі кадрлық әлеуетті арттыру және медицина мамандары үшін еңбек жағдайларын жақсарту бойынша жұмысты жалғастырады.

Өзгелердің жаңалығы