- Мұқаба
- Жаңалықтар
- "10 млн теңге": Ауылға баратын мамандарға үй беріледі
"10 млн теңге": Ауылға баратын мамандарға үй беріледі
Қазақстанда 2009 жылдан бері іске асып келе жатқан "Дипломмен ауылға" жобасы аясында осы уақытқа дейін 38 мыңға жуық маман баспаналы болды.
Бүгiн 2026, 17:30
Қазақстанда 2009 жылдан бері іске асып келе жатқан "Дипломмен ауылға" жобасы аясында осы уақытқа дейін 38 мыңға жуық маман баспаналы болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Соңғы 2 жылға жуық уақытта 9800 несие рәсімделдіп, осы мақсатқа 70 млрд теңгеге жуық бюджет қаражаты бағытталды.
Айта кетейік, 2023 жылдың 1 сәуірінен бастап жоба операторы "Отбасы банк" АҚ болып бекітілді. Бұл өтінім беру және кредит алу үдерісінің барлық кезеңдерін Baspana Market – otbasybank.kz платформасында толықтай цифрландыруға мүмкіндік берді.
Дегенмен маман тапшылығы әлі де сезіліп отырған елді мекендер бар. Өңірлік көрсеткіштер бойынша Түркістан, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстары маман тартуда көш бастап тұр. Ал Ұлытау, Атырау және Абай облыстарында кадр тапшылығы әлі де өткір байқалады.
Өтінім берушілер арасында мұғалім және дәрігер үлесі жоғары болғанымен, агрономия, спорт және мәдениет саласы қызметкерлерінің қатысу деңгейі салыстырмалы түрде төмен.
Жастар күткен үміт
Бағдарламаның жастарға берген мүмкіндігі мен кездескен кедергілері туралы мамандардың пікірі әртүрлі.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Біржан Төлепберген бағдарлама бойынша өңірге барып, жұмыс істеген тәжірибесін бөлісті.
Оқу бітіре сала үй мәселесін шешу керек деп шештім. Қарапайым отбасының баласы болғандықтан, "Дипломмен-ауылға!" бағдарламасы мен үшін үлкен мүмкіндік болды. Облыс орталығынан 70 шақырым жердегі ауылдан үй алдым. Басты мәселе шешілген соң бірден отау құрдым, - дейді Біржан Төлепберген.
Химия және биология пәнінің мұғалімі Мирас Қажымовтың да айтары бар.
Оқу бітірген соң Өскемен қаласынан 20 шақырым жерде орналасқан Баяш Өтепов ауылындағы мектепке жұмысқа орналастым. 2023 жылы, жұмыс өтілім 1 жылға толған соң, құжаттарымды тапсырып, өз баспанама ие болдым. Сол кездегі максималды сома 5 150 000 теңге болатын. Бұл қаражат ауылдан жақсы үй алуға толықтай жетті. Бірреттік көтерме жәрдемақыға құжат тапсыру бөлек жүзеге асады. Ол ақшаны мен несие алғаннан кейін бір жылдан кейін ғана ала алдым, - деді Мирас Қажымов.
Бюджет қаржысының ауыл экономикасына қайтарымы қандай?
Мемлекеттік бағдарламаның тиімділігі мен стратегиялық маңызы туралы Экономикалық зерттеулер институты Өңірлерді зерттеу және өмір сапасы орталығының директоры Нұрболат Құрметұлы өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, ауылға жұмсалған қаражатты тек қаржылық қайтарым емес, әлеуметтік әсер тұрғысынан бағалау қажет.
Ауылға бір маманның келуі сол жердегі қызмет көрсету сапасын жақсартып, халықтың өмір сапасын арттырады. Бұл жергілікті экономикаға жанама түрде ықпал етеді. Жаңа маман келгенде жұмыс орындарының тиімділігі артып, сауда және қызмет көрсету секторлары дамиды. Сондықтан мемлекет инвестициясы аймақтың дамуы мен тұрғындардың жағдайының жақсаруы арқылы қайтарым береді, — дейді сарапшы.
Бағдарламаның негізігі шартының бірі – үйге несие алған маман ауылда кемі 3 жыл жұмыс істеуі керек. Кадрлардың 3 жылдан кейін қалаға қайтып кетуі туралы мәселеге Нұрболат Құрметұлы баспананың тегін емес, бюджеттік кредит арқылы берілетінін алға тартады. Сондықтан мемлекет инвестициясы кез келген жағдайда қайтарымды.
Ауылдағы үй "пайдасыз активке" айналмай ма?
Ауылдық жердегі жылжымайтын мүліктің нарықтық құны өспейтіні, тіпті уақыт өте құнсызданатыны белгілі. Алайда сарапшы бұл тәуекелдің бар екенін растаса да, оған басқа қырынан қарауды ұсынады:
Ауылдағы үйлердің құны төмен екені рас, инвестицияның қайтпай қалу тәуекелі бар. Бірақ маман ауылға бару туралы шешімді тек үйге қарап емес, жалпы өмір сүру жағдайына, жұмысына және болашақ мүмкіндіктеріне қарап қабылдайды. Сондықтан бұл жас маман үшін айтарлықтай тығырық бола қоймайды, — дейді ол.
2026 жылы өтінім беру тәртібі қалай өзгерді?
Қазіргі уақытта бағдарламаға өтінімдер otbasybank.kz (Baspana Market) порталында толық цифрландырылған режимде қабылданып жатыр. 2026 жылы біржолғы жәрдемақы көлемі 100 АЕК-ні (432 500 теңге) құрайды. Ал баспанаға берілетін кредит сомасы:
- ауылдық жерлер үшін 2000 АЕК (8,6 миллион теңге);
- аудан орталықтары үшін 2500 АЕК (10,8 миллион теңге) болып бекітілген.
Жанерке ЖӘКЕН
Ең оқылған:
- Қаңтарда жылу ақысы неге көп шыққаны белгілі болды
- Күйеуінің телефонын тексерген: Жуалыда отбасылық жанжал сотқа жетті
- Дүкеннен қымбат күртешені "киіп шыққан" азамат жауапқа тартылды
- Лудоман-бухгалтер 100 миллионнан астам қаржыны бәс тігуге және жаңа көлікке жұмсаған
- Қазақстанда 490 мектеп директоры жетіспейді: Бос орындар қай өңірде көп?