2025 жылдың қаңтар-қазан айларында "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ желісі бойынша жүк тиеу көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4% өсіп, 221,4 млн тоннаға жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ "Қазақстан темір жолы" баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Республика аумағында темір жол арқылы тасымалданған жүк көлемі 143,5 млн тоннаны құрап, бұл көрсеткіш былтырғыдан 3% жоғары. Ал экспорт 6,1% өсіп, 78,3 млн тонна болды.
Есепті кезеңде негізгі жүк түрлері бойынша өсім байқалды. Тас көмір тиеу 85,7 млн тоннадан асып, 3,2% артты. Оның 59,5 млн тоннасы – ішкі тасымал, 26,4 млн тоннасы – экспорт (+9%).
Астық тасымалы 11,2 млн тоннаға жетіп, былтырмен салыстырғанда 38% көбейді. Экспорт 8,45 млн тоннаны құрап (+39%), ішкі тасымалдар 34% өсті.
Сонымен қатар қара металдар тиеу көлемі 8,2% өсіп 4 млн тоннаға, химиялық тыңайтқыштар тиеу 18,7% артып 3,9 млн тоннаға жетті.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, жүк тасымалы нарығындағы оң динамика жыл соңына дейін жалғасады деп күтіледі.