1 қыркүйек. Алғашқы күннің қорытындысы қандай?

1 Қыркүйек 2020, 17:52
4807
Бөлісу:
1 қыркүйек. Алғашқы күннің қорытындысы қандай?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Қаринова алғашқы оқу күнінің қорытындысы бойынша өткен онлайн брифингте айтты.

Биылғы оқу процесі қашықтан ұйымдастырылды. Оқушылардың 80%-ы қашықтан оқыту форматында білім алуды бастады. Бүгінгі күні 7 мыңнан аса қазақстандық мектептерде оқу процесі басталды. Таңертең барлық мектепте Білім күніне арналған сынып сағаттары өтті. Осы жылғы оқушылар саны 3 млн-нан асса, олардың 352 мыңы 1-сынып оқушылары, - деді Қаринова. 

Өздеріңізге белгілі, бастауыш сыныптары, мектепалды даярлық сыныптары үшін кезекші сыныптар жұмыс істеуін бастады.  

Бүгінгі күннің қорытындысы бойынша бастауыш сынып оқушыларының 60%-ға жуығы кезекші топтарда оқу жұмысын бастады. Әрине бұл кезекші топтарға бару ата-аналардың өтініші бойынша жүргізілетіні айтылды. Сондай-ақ қашықтан оқыту форматында 2,6 млн оқушы өз жұмыстарын бастады. Бұл мектептерде оқу жылының басталуы бойынша сынып сағаттары да қашықтан оқыту форматында өткізілді. Осы оқушыларды қашықтан оқуға, оқу жылына дайындау барысында жергілікті органдармен, министрлікпен күнделікті дайындық жұмыстары жүргізілді. Осы күнге дейін оқушыларға 435 мың компьютер таратылды. Әлі де сатылып алынып жатқан компьютерлік техникалар бар. Олар да алдағы уақытта оқушыларға үлестірілетін болады. Жедел ақпараттарға сай, 15 қыркүйекке дейін қосымша 250 мың компьютер оқушыларға беріледі, - деді ол. 

Қаринованың сөзінше, оқу процесін қашықтан ұйымдастыру оқыту платформаларында жүргізілді. Қазақстандық негізгі электрондық журнал - Күнделік, оны мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналар жиі пайдаланады.  

Соңғы 15:00 уақыттағы ақпарат бойынша Күнделік журналында секундына 6 200 адам жұмыс істеді. Оның ішінде материалдарды 3,7 млн адам пайдаланды. Күнделік жүйесі үзіліссіз штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатыр. Оқыту платформаларында да жұмыс жоспарлағандай, штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Соңғы жүргізілген мониторинг бойынша 2 млн 200 мың сессия өткізілді. Орналастырылған білім контентін пайдаланғандар саны – 6,8 млн-нан асты, - деді вице-министр. 

Жалпы 1 қыркүйектің қорытындысы бойынша оқу процесі жоспарланғандай штаттық режимде басталды. Келесі күндері де оқу процесін жалғастыруға білім мекемелері дайын. Сонымен қатар Балапан және Еларна телеарналарында оқу сабақтары да басталды. Олардың кестелері барлық мектепке берілді. Бұл теледидардағы сабақтар қазақ және орыс тілдерінде өтеді. Қосымша білім контенті ретінде телебағдарламалар барлық уақытта мұғалімдер мен оқушыларға қолжетімді екенін айтты вице-министр.

 

Өзгелердің жаңалығы