1 сәуірден бастап кімдер қоғамдық көлікте тегін жүреді

15 Наурыз 2024, 12:24
108327
Бөлісу:
1 сәуірден бастап  кімдер қоғамдық көлікте тегін жүреді
Фото: Мәди Искаков - архив

1 сәуірден бастап мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен зейнеткерлер қоғамдық көліктерде тегін жүреді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бүгін өңір басшысы Асхат Шахаров облыстық мәслихаттың кезекті оныншы сессиясында ақтөбелік мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен зейнеткерлерге қоғамдық көліктерде тегін жүру мүмкіндігі қарастырылатынын айтты.

Айтып өтейік, қазіргі уақытта қалалық қоғамдық көлікте Екінші дүниежүзілік соғысының ардагерлері және оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар азаматтар тегін жүреді. Бұдан өзге, зейнеткерлерге жасы бойынша 50% мөлшеріндегі жолақысы қарастырылған. Бұл жеңілдіктер 2021 жылдың қыркүйегінен бастап іске асты.

1 сәуірден бастап  кімдер қоғамдық көлікте тегін жүреді

Фото: Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Аймақ басшысы сондай-ақ, 2025 жылы Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына орай Ақтөбе қаласында патриоттық орталық салынатынын да мәлімдеді.

Мемлекет басшысының біздің алдымызға қойған басты тапсырмасы — облыс тұрғындарының әл-ауқатын көтеру, халықтың тұрмысын жақсарту. Сондықтан қазір біз бюджет қаржысын барынша тиімді және өзекті мәселелерді шешуге жұмсауымыз керек. Өздеріңіз білесіздер, биыл облыста 14 мектеп, бірнеше жаңа балабақша пайдалануға беріледі. Денсаулық сақтау саласында да бірқатар ірі нысан салынады, жолдарды жөндеуде ірі жобалар қолға алынуда. Бұдан бөлек, ауылдарды газдандыру бағытында да жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Жуырда қаламыздағы автобус паркі жаңа 30 автобуспен толықты. Тағы да жаңа 65 автобус әкелінеді. Қала тұрғындарын қоғамдық көлік қызметімен қамтамасыз етуде биыл қаржы мәселесін шеше отырып, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен зейнеткерлерге қоғамдық көліктерде тегін жүруге мүмкіндік жасаймыз. Бұл бастама алдағы сессияларда қаралып, шешілетін болады. Сондай-ақ келер жылы батыр апамыз Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына орай Ақтөбе қаласында патриоттық орталық салынады. Қазіргі таңда Әлия апамыздың ескерткішіне жақын аумаққа ғимарат салу мәселесі бойынша қала әкімдігі жұмыстанып жатыр. Бұл жоба да сәтті жүзеге асады деп сенемін, — деп атап өтті облыс басшысы.

Ол жиналғандарды Көрісу күнімен құттықтап, депутаттарды бірлесе жұмылып жұмыс жасауға шақырды.

Астанада жолақысы қымбаттайды

Астанада қоғамдық көлікпен жүру құнын 110 теңгеге өсірмек. Осы мәселеге қатысты қаулы қоғамдық талқылауға шығарылған болатын.

Ашық НҚА порталында Астана қаласы бойынша қалалық және қала маңы қатынастарында жолаушылар мен жүкті автомобильмен тұрақты тасымалдау тарифтерінің кейбір мәселелері туралы қаулы жарияланды.

Қаулыда қоғамдық көлікпен қатынау құнының бағалары белгіленген:

- қалалық көлік қатынастарда жолаушылар мен жүкті автомобильмен тұрақты тасымалдаудың бірыңғай тарифі жолаушының бір сапары үшін 110 теңге.

- электрон жол жүру құжаты немесе электрон төлемнің қосымша қызметтері арқылы қолма-қол ақшасыз төлеу кезінде жолаушылар мен багажды қалалық автомобиль көлігімен тасымалдауға – 110 теңге;

- электрон жол жүру құжаты немесе электрон төлемнің қосымша қызметтері арқылы қолма-қол ақшасыз төлеу кезінде жолаушылар мен багажды жедел қалалық автомобиль көлігімен тасымалдауға – 250 теңге;

- электрон жол жүру құжаты немесе электрон төлемнің қосымша қызметтері арқылы қолма-қол ақшасыз төлеу кезінде жолаушыларды әлеуметтік маңызы бар тұрақты тасымалдауға – 110 теңге;

- электрон жол жүру құжаты немесе электрон төлемнің қосымша қызметтері арқылы қолма-қол ақшасыз төлеу кезінде қала маңындағы қатынаста – бір километр үшін 9 теңге 50 тиын;

- қолма-қол ақшамен төлеу кезінде жолаушылар мен багажды қалалық автомобиль көлігімен тасымалдау кезінде – 220 теңге;

- қолма-қол ақшамен төлеу кезінде жолаушылар мен багажды жедел қалалық автомобиль көлігімен тасымалдау кезінде – 350 теңге;

- қолма-қол ақшамен төлеу кезінде жолаушыларды әлеуметтік маңызы бар тұрақты тасымалдау кезінде – 220 теңге;

- қала маңындағы қатынаста қолма-қол ақшамен төлеу кезінде – бір километр үшін 14 теңге.

Қоғамдық талқылау 5 наурызға дейін жүргізіледі.

Айта кетейік, қалалық маршруттарда жол жүруге 90 теңге тариф 2014 жылдың қыркүйегінде белгіленген болатын.

Астанада және қала маңында оқитын 18 жасқа дейінгі балалар үшін қоғамдық көлікте жол жүру 2020 жылғы наурыздан бастап тегін. Міндетті шарт – мектептің көлік картасының болуы және оны автобуста валидация жасау.

Сондай-ақ келесі санаттарға жататын азаматтар бұл жеңілдікке ие:

1) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері және оларға теңестірілген адамдар;

2) жасы және еңбек еткен жылдары бойынша зейнетке шыққандар, сондай-ақ жасы бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша зейнеткерлік жасқа толған мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылар;

3) көпбалалы аналар;

4) көпбалалы отбасылар;

5) мүгедектер;

6) он сегіз жасқа дейінгі мүгедек балалар, оның ішінде ата-аналарының бірі (заңды өкілдері).

7) «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын оңалту туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен ақталған 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы Қазақстандағы оқиғаларға қатысушылар қатарынан саяси қуғын-сүргін құрбандары.

Астананың қоғамдық көлігінде жол ақысын төлеудің тағы бір тәсілі пайда болған еді.

Елорданың қоғамдық көлігінде жол ақысын треккинг функциясының көмегімен төлеуге болады.

Ол үшін «Avtobys» мобильді қосымшасының картасынан автобусты таңдау қажет.

Трекингпен төлеу үшін:

- маршруттар бөліміне өтіңіз;
- қажетті бағдарды таңдаңыз;
- белгішені басу арқылы автобусты таңдаңыз;
- төлеу функциясын басыңыз;
- төлемді растаңыз.

Төлем «Avtobys» қосымшасының теңгерімінен немесе банк картасынан (банк картасы қосымшаға тіркелген жағдайда) алынады.

Қосымшаның теңгерімін QIWI, kassa24 төлем терминалдары, интернет-банкингтер арқылы толтыруға болады.

Естеріңізге сала кетейік, елорданың қоғамдық көлігінде жол ақысын:

- көлік картасы;
- QR-код сканерлеу;
- Bluetooth арнасы;
- банк картасы;
- NFC құрылғылары;
- автобустың борт нөмірі;
- трекинг функциясы арқылы төлеуге болады.

Астана қаласының қоғамдық көлігінде жол ақысын бес әдіспен төлеуге болады.

Жаңа төлем жүйесіне өтуге байланысты, QR, көліктік карта, Bluetooth төлем түрлеріне NFC және банк картасымен төлеу мүмкіндігі қосылғанын мәлімдейді.

Автобустағы жол ақысын банк картасымен немесе NFC технологиясын қолдайтын ұялы телефон, қол сағаты, білезік және т.б. құралдармен төлеуге болады.

Жаңа опцияларды пайдалану үшін автобус салонындағы планшетке банк картасын немесе NFC құрылғысын тигізіп, төлемнің сәтті өткені туралы белгіні күту керек.

Төлемді Visa және Mastercard банк карталарының барлық түрлерімен жасауға болады. Бұдан бөлек, жолаушылар жолақысын Google Pay, Apple Pay және Samsung Pay смарт-технологиялар арқылы төлей алады.

Айта кету керек, банк картасымен төлем жасау тестік режимде қолжетімді болған еді. Қаңтар айында аталған тәсілмен 87 мың рет жолақы төленген.

Өзгелердің жаңалығы