1 қыркүйекте 165 бала сабаққа бармайды – аға инспектор

26 Тамыз 2024, 12:40
2650
Бөлісу:
1 қыркүйекте 165 бала сабаққа бармайды – аға инспектор
Фото: BAQ.KZ -архив

Денсаулық сақтау министрлігі өлім-жітім статистикасына қатты алаңдайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

ОҚК-да өткен брифингте Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова сыртқы себептерден болатын өлім-жітім көрсеткіші жылдан жылға сол деңгейде қалатынын, төмендемейтінін айтты.

Сыртқы себептерден өлім-жітім көбіне көліктік жазатайым оқиғалардан (22%), кездейсоқ суға батудан (13,4%), биіктіктен құлаудан (5,4%) және отпен жазатайым оқиғалардан (5%) болады, - деді ол.

Сыртқы себептерден болатын өлімнің төрттен бірінің себебі – жол-көлік оқиғалары.

Биыл 7 айдың ішінде жол-көлік оқиғасынан 165 бала қайтыс болған. Қарапайым тілмен айтатын болсақ, 1 қыркүйекте 6-7 сынып сабаққа бармайды, - деді Әкімшілік полиция комитетінің арнайы тапсырмалар бойынша аға инспекторы Ақтоты Боранова.

Суға бату – Қазақстанда және тұтастай Еуропа өңірінде 14 жасқа дейінгі балалар арасындағы өлім-жітімнің маңыздылығы бойынша екінші сыртқы себебі.

Шомылу маусымы басталғаннан бері елде 46 бала суға батып кетті, 71 бала құтқарылды. Соңғы 10 жылда елімізде 700 бала суға кетті, - деді Өртке қарсы қызмет комитетінің бас маманы Жанна Дәренбекова.

Балалардың биіктіктен, оның ішінде терезеден құлауы – Қазақстандағы балалар арасындағы өлім-жітімнің маңыздылығы бойынша үшінші сыртқы себебі.

Өкінішке қарай, балалардың терезеден құлау жағдайлары 3 жылда 1,6 есе өсті. Биылдың 6 айында терезеден 223 бала түсті, оның 12-сі өлім-жітім, - деді Ембергенова.

Өзгелердің жаңалығы