Қазақстанда 1 наурыздан бастап не өзгереді? BAQ.KZ шолуына назар аударайық.
"Отау" бағдарламасы басталады
"Отау" бағдарламасы 2024 жылдың 1 наурызында іске қосылады. Сол күннен бастап 30 сәуірге дейін (қоса алғанда) қазақстандықтар Баспана маркет (otbasybank.kz) порталында бағдарламаға қатысу туралы өтініш жолдай алады. Өтініш беру уақыты маңызды емес.
"Отау" бағдарламасына кімдер қатыса алады?
1. Отбасы банк салымшылары ("Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы), оның ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар қатыса алады;
2. Үміткердің жинақ шоты ең кемі 18 айлық болуы керек;
3. Өтінім беру сәтінде депозиттегі жинақ сомасы 1 млн теңгеден кем болмауы тиіс;
4. Қатысушы жасы 18-ден 63 жасқа дейін (қоса алғанда);
5. Бағдарламаға қатысушыда және оның отбасы мүшелерінде соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлік болмауы керек;
6. Алматы және Астана қалаларынан тұрғын үй алатын жағдайда аталмыш қалаларда тұрақты тіркеу болуы қажет.
14 күн демаламыз
2024 жылдың наурызында Қазақстан халқы 14 күн демалады.
Осы айда екі ресми мереке – 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні және әз-Наурыз мейрамы бар.
8 наурыз - Халықаралық әйелдер күнінде аптасына бес күн жұмыс істейтіндер 8, 9, 10 наурызда үш күн қатарынан демалады.
Ал аптасына алты күн жұмыс істейтіндер үшін 8-10 наурыз - демалыс, 9 наурыз жұмыс күні болып саналады.
Наурыз мейрамында (21-25 наурызда) ел азаматтары бес күн демалады.
Ал аптасына алты күн жұмыс істейтіндер үшін 25 наурыз - жұмыс күні, 21-24 наурыз аралығында демалады.
Оқушылар каникулға шығады
Оқушылардың 11 күндік көктемгі каникулы 2024 жылдың 21 наурызында басталып, 31 наурызға (қоса алғанда) дейін жалғасады.
Айта кетейік, жыл сайын бірінші сынып оқушылары үшін үшінші тоқсанда қосымша демалыстар беріледі, ұзақтығы 7 күн – 2024 жылдың 5 ақпанынан 11 ақпанға (қоса алғанда) дейінгі уақытты қамтиды. Төртінші тоқсанның ұзақтығы 8 оқу аптасын құрайды. Сондай-ақ 25 мамырда қорытынды шығарылып, оқу жылы аяқталады.
«Zhas Project»
Қазақстанда жастарды қолдауға арналған жоба іске қосылмақ.
«Zhas Project» мақсаты - жастар арасында жобаларды іске асыру бойынша ақпараттық түсіндіру, білім беру және жүргізілетін жұмыстар арқылы NEET санатындағы жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау.
Биыл «Zhas project» жобасы еліміздің 20 өңірінде іске асырылады. «Zhas project» жобасы шеңберінде NEET санатынан жергілікті қоғамдастықтардың проблемаларын шешуге бағытталған әлеуметтік жобаларға конкурстық негізде 1 000 000 теңгеге дейінгі сомаға шағын гранттар беру көзделген.
Өтінім қабылдау 25 наурыздан бастап 24 сәуір сағат 23:59-ға дейін жүргізіледі.
Уақыт белдеуі ауысады
«Қазақстан Республикасының аумағында уақытты есептеу тәртібі туралы» Үкімет қаулысына өзгерістер енгізілген болатын. Өзгерістерге сәйкес, 2024 жылғы 1 наурызда сағат 00:00-ден бастап елдің бүкіл аумағында бірыңғай уақыт белдеуі орнатылады.
Осылайша, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына 5-ші уақыт белдеуі (UTC+5) қолданылады.
«Қазақстан Республикасының аумағындағы уақытты есептеу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 23 қарашадағы N 1749 қаулысына енгізілген өзгертулерге сәйкес, «Астана, Алматы қалаларының әкімдіктері, Шымкент, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында және Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында 2024 жылғы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақытты 1 сағатқа артқа қою керек».
Демек уақыт белдеуі 1 сағатқа артқа жылжыса қазақстандықтардың өмірінде де біршама өзгерістер болады деген сөз.
БҰҰ аясындағы бітімгерлік
Бітімгерлік контингент Голан жоталарына кетуге дайын Жуырда Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде Голан жоталарындағы бөлінген жерлерді «БҰҰ-ның бақылау күштері» (SONNR) миссиясына бітімгерлік контингентті жіберу үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды, - деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.
Еске сала кетсек, БҰҰ шақыруына сәйкес 2024 жылғы наурыздан бастап "БҰҰ-ның Голан биіктіктеріндегі бөлінуді бақылау жөніндегі күштері" миссиясына өзінің әскери техникасы, қару-жарағы және резерв ротасы ретінде мүлкі бар 139 әскери қызметші санындағы Қазақстанның алғашқы дербес ұлттық бітімгершілік контингентін орналастыру жоспарланған.
Контингент құрамында әскери ер азаматтармен бірге әйелдер де болады. Әйелдер ішінде 2 атқыш-санитар, 1 мерген, 2 аспазшы және 2 медициналық қызметші бар.
Жалпы БҰҰ-ның бірнеше миссиясына қатысу үшін Қарулы Күштердің сапынан 430 адамнан аспайтын әскери қызметші жіберіледі. Олар "БҰҰ-ның Голан биіктіктеріндегі бөлінуді бақылау күштері", "БҰҰ-ның бітімгершілік шарттарының орындалуын бақылау органы" (UNTSO, Палестина-Израиль), "БҰҰ-ның Оңтүстік Судан Республикасындағы миссиясы" (UNMISS, Оңтүстік Судан) және "БҰҰ-ның уақытша қауіпсіздік және Абье күштері" (UNISFA, Судан) қарамағында қызмет етеді.
Алматы – Куала-Лумпур бағытындағы рейс ашылады
2024 жылғы 14 наурыздан бастап азиялық ірі лоу-кост «Air Asia» компаниясы Алматы – Куала-Лумпур бағытында рейстерді орындауға кіріседі және «ашық аспан» режимін қолдана отырып, Алматыдан әрі қарай Джидда қаласына рейстерді орындайды.
Кадр резервтеріне іріктеу басталады
1 наурыздан бастап облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың өңірлік кадр резервтеріне іріктеу басталады.
Өңірлік кадр резервінің басты мақсаты – әр өңірде талантты жастар арасынан жаңашыл ойлайтын көшбасшылар, жас басқарушылардың тобын қалыптастыру.
Іріктеуге қатысу резервшілерге жергілікті жерлерде жаңаша өзгерістерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Іріктеуге жоғары білімі және 3 жылдан кем емес еңбек өтілі бар, 35 жастан аспаған еліміздің азаматтары қатыса алады.
Әрбір өңірлік резерв бойынша нақты салалық бағыттар мен резервшілердің саны өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай және мемлекеттік басқару жүйесін дамытудың басымдықтары ескеріле отырып, өңірлік кадр комиссияларымен айқындалады.
Қатысуға өтінімдерді қабылдау биылғы жылдың 1-31 наурызы аралығында onir.pkrezerv.gov.kz сайтында қолжетімді болады.
Блогерлерге қатысты жаңа ереже күшіне енеді
Елімізде блогерлерге қатысты жаңа ереже 2 наурызда күшіне енеді.
«Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңына сәйкес инфлюенсерлер (блогерлер) коммерциялық немесе шарттық негізде орналастыратын онлайн-жарнаманы таңбалауға тиіс. Олар жарияланымның басында немесе соңында онлайн ортада белсенді қолданылатын төмендегідей тұжырымдардың бірін көрсету керек:
- «жарнама»;
- «жарнамалық материал»;
- «серіктестік материал»;
- «демеушілік материал»;
- «жарнама құқығында»;
- «демеушімен төленген»;
- «PR құқығында»;
- «реклама»;
- «рекламный материал»;
- «партнерский материал»;
- «спонсорский материал»;
- «на правах рекламы»;
- «оплачено спонсором»;
- «на правах PR».
Жүк көліктеріне шектеу қойылады
1 наурыздан бастап Қазақстанның сегіз өңірінде ауыр жүк көліктерінің қозғалысына шектеу енгізіледі.
Жыл сайын көктем мезгілінде республикалық маңызы бар жолдарды қыстан кейін сақтау және күтіп ұстау үшін бір оське жүктемесі 8 тоннадан асатын автокөлік құралдарының қозғалысын уақытша шектеу енгізіледі. Бірінші наурыздан бастап мұндай ережелер 8 облыстағы трассаларда қолданылады.
Атап айтқанда, Алматы, Атырау, Жамбыл, Ұлытау, Қызылорда, Маңғыстау, Жетісу және Түркістан облыстары «Бесінші жол-климаттық аймаққа» кіреді. Аталған уақытша шектеу шаралары 1 наурыздан 1 сәуірге дейін қолданылады.