1 наурызда митингке шыққан 80 адам ұсталды – ІІМ

2 Наурыз 2020, 10:12
1359
Бөлісу:
1 наурызда митингке шыққан 80 адам ұсталды – ІІМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 1 наурызда Қазақстанда рұқсат етілмеген митинг өткізуге тырысқаны үшін 80 адам ұсталды. Бұл туралы ҚР ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев айтты.

Бас прокуратураның бірнеше рет ескертуіне қарамастан, кейбір азаматтар тыйым салынған экстремистік ұйым жариялаған үндеуімен рұқсат етілмеген митингілер ұйымдастыруға тырысты, - деді министр үкімет отырысынан кейін журналистерге.
Оның айтуынша, полиция қоғамдық тәртіпті бұзуды тоқтату үшін шаралар қабылдаған.
80-ге жуық азамат ішкі істер органдарына жеткізілді. Алдын алу шараларынан кейін барлығы дерлік босатылды. Төрт адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың біреуіне айыппұл салынып, үшеуі әкімшілік қамауға алынды. Олардың екеуі полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсеткені үшін,  біреуі рұқсат етілмеген митинг ұйымдастырғаны үшін жауапкершілікке тартылды, - дейді Ерлан Тұрғымбаев.
Бұған дейін Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы әлеуметтік желілерде заңсыз наразылық акцияларын өткізуге қатысты үндеу жолдады. Онда заңдылық пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін Бас прокуратура азаматтарды мемлекеттік органдардың ресми деректеріне ғана сенуге, құқыққа қарсы ақпаратты таратудан және заңсыз жария акцияларға қатысудан бас тартуға шақырған болатын.
Өзгелердің жаңалығы