Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев мемлекеттің қаржысына түсіріліп жатқан фильмдер бөлінген қаржыны ақтамай жатқанын айтып, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кино – өнер. Кино – бизнес. Кино – идеологияның негізгі құралы. 2023 жылғы 17 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда отандық кино саласын реформалау қажеттігіне нақты тоқталды. Бірақ бұл саладағы айқай толастар емес. Кино түсіргісі келгендер көбейгенмен, олардың дені өз қаражатына түсіріп жатыр. Мемлекет тарапынан бөлінетін қаржылардың көбі «өз араларында» қалып жатқандай көрінеді. Өйткені Ұлттық киноны қолдау орталығының фильмдері не сұранысқа, не халық тарапынан қолдауға ие емес, - деді депутат.
Мұқаевтың ойынша, халық қазынасындағы қаржыны миллиондап құмға құйып жатқандаймыз. Мысалы 2019-2023 жылдар аралығында отандық 100 фильмге шамамен 23 млрд теңге бөлінген. Ең қызығы оның барлығы 100 пайыз игерілген. Есебі тапсырылып, кино түсірілген.
Енді қараңыздар, Atlas entertainment компаниясы түсірген отандық «Время патриотов» фильміне 1 млрд қаржы жұмсалса, оның кассалық жинағы небәрі 10 миллион теңге. Бұл кеткен соманың 1 пайзы ғана. Ал Satai film түсірген «Боксшы» фильміне 900 млн жұмсалса, кассалық жинақ небәрі 25 млн теңгеге жетті. Фильмнің идеясы, Олимпиада чемпионы Сәпиев туралы екенін білесіздер. Бірақ кино өте сапасыз әрі көрермендерге әсер сыйлай алмады, - деп айтты Дәулет Мұқаев.
Сондай-ақ «Медет фильм» түсірген «Лето 1941-го» отандық киносына 700 млн қаржы бөлінсе, оның 2 миллионы ғана қайтарылған. Бұл кеткен шығыннан 350 есеге аз.
Ал «Жизнь» фильміне 500 миллион кетсе, небәрі 650 мың теңгесі қайтқан. Мысалы, орта есеппен кинотеатрлардағы билеттің бағасы 2000 теңге болса, онда бұл фильмді небәрі 325 адам көрген. Сонда сіз болып, біз болып «Жизнь» деген фильмге бюджеттен жарты миллиард кетіріп, 325 адам көру үшін ғана түсірдік пе?! Яғни мемлекеттен бөлінген қаражатқа түсірілген фильмдерді де халықтың көріп қуанып жатқаны шамалы, отандық киноөндіруші ұйымдардың кинотеатрларда фильмдерді көрсетуінде тағы өзіндік проблема бар. Ол – жарнаманың әлсіздігі, оған арнайы қаражаттың қарастырылмауы, - деп түсіндірді мәжілісмен.
Мұқаевтың сөзінше, оған қоса мемлекет қолдауымен түсірілген фильмдердің жарнамасы да жасалмайды. Қаншама фильмдер түсіріліп, шаң басқан архивтерде жатыр. Тәуелсіздіктен бері қарай мемлекет қаржысына 600-ден аса фильм түсірілсе, соның ішінде өз-өзін ақтап, пайдаға шыққан фильм тек «Досмұқасан» ғана.
Бәрін айтта, бірін айт, биылғы Ұлттық кино орталығының питчингті өте сәтті ұйымдастырғанын көрдік. Фильмдер әділетті әрі әлеуметтік желіде ашық таңдалды. Сондықтан жаңа басшылыққа жоғарыда орын алған мәселелерді қатаң ескеру қажеттігін айтамыз. Бүгінде әлемдік тәжірибеде кино экономиканың қозғаушы драйвері болып отыр. Сондықтан мемлекет тарапынан қаншама қаражатқа түсіріліп жатқан фильмдердің қызығын халық көру қажет. Мемлекеттен қаржылық қолдау алуға үмітті киножобаларымен келген киногерлерді қолдаудың жан-жақты механизімін жетілдіру қажет, - деді депутат министрге жолдаған сауалында.