Қазақстанның соңғы жаңалықтары

1 маусымнан бастап не өзгереді

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
30 Мамыр 2025, 09:54
5061
Бөлісу:
 BAQ.KZ  коллаж BAQ.KZ
Фото: BAQ.KZ коллаж BAQ.KZ

1 маусымнан бастап азаматтарымызды қандай өзгерістер күтіп тұр? BAQ.KZ тілшісінің шолуына назар аударайық.

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні

Бұл күні балалардың өмірін, құқығын, денсаулығын қорғау, оларға қамқорлық жасау жан-жақты дәріптеледі.

Балаларға арналған көптеген мәдени іс-шара ұйымдастырылып, жалпыхалықтық деңгейде аталып өтеді.

Құрбан айт

2025 жылғы Құрбан айттың 3 күні 6 маусымнан 8 маусымға дейін белгіленген. 6 маусым – демалыс күні.

Пәтуа мамандары діни мерекелердің нақты күндері жаңа айдың көрінуіне байланысты көрсетілген уақыттан бір күн шегерілуі немесе алға жылжуы мүмкін екенін ескертті.

ҚМДБ мәліметінше, Құрбан айт намазынан кейін үш күн ішінде жағдайы келген мұсылманға құрбандық шалу – міндет.

Маусымда неше күн демаламыз?

Жаздың алғашқы айында мұсылмандардың маңызды мерекелерінің бірі — Құрбан айт аталып өтеді. Биыл Құрбан айттың бірінші күні 6 маусымға, жұма күніне сәйкес келеді. Осыған байланысты қазақстандықтар үш күн қатарынан демалады.

Аптасына бес күн жұмыс істейтіндер үшін:

  • 6 маусым (жұма) – Құрбан айт күні демалыс
  • 7 маусым (сенбі) – демалыс
  • 8 маусым (жексенбі) – демалыс

Аптасына алты күн жұмыс істейтіндер үшін:

  • 6 маусым – демалыс
  • 7 маусым – жұмыс күні
  • 8 маусым – демалыс

Сонымен қатар, маусым айындағы жалпы демалыс күндері: 1 маусым, 6, 7, 8 маусым, 14, 15 маусым, 21,22 маусым, 28,29 маусым.

Осылайша, 2025 жылдың маусым айында қазақстандықтар барлығы 10 күн демалады.

Сабақ аяқталып, емтихандар басталады

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2024-2025 оқу жылын 3,9 миллионнан астам оқушы аяқтады. Қорытынды емтихандар 29 мамыр мен 16 маусым аралығына жоспарланған. Ал аттестат тапсыру рәсімі 18-20 маусым аралығында өтеді.

Жүк көліктердің қозғалысына шектеулер енгізіледі

"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы жаз мезгілінде республикалық маңызы бар автожолдарда ауыр жүк көліктерінің қозғалысына уақытша шектеулер енгізілетінін хабарлайды. Бұл шаралар күннің ыстығында жол жамылғысын сақтауға және қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етуге бағытталған.

Шектеу мерзімі:
- еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінде 1 маусымнан 31 тамызға дейін;
- солтүстік және шығыс өңірлерінде 1 маусымнан 15 тамызға дейін.

Шектеулер +25°C жоғары ауа температурасы кезінде, күндізгі уақытта енгізіледі.

1 маусымнан 31 тамызға дейін сағат 10:00-22:00 аралығында келесі аймақтарда қозғалысқа шектеу қойылады:
- Алматы облысы;
- Атырау облысы;
- Жамбыл облысы;
- Жетісу облысы;
- Ұлытау облысы;
- Қарағанды облысы;
- Қызылорда облысы;
- Түркістан облысы;
- Маңғыстау облысы.

1 маусымнан 15 тамызға дейін сағат 11:00-21:00 аралығында келесі аймақтарда қозғалысқа шектеу қойылады:
- Абай облысы;
- Ақмола облысы;
- Ақтөбе облысы;
- Шығыс Қазақстан облысы;
- Батыс Қазақстан облысы;
- Қарағанды облысы;
- Қостанай облысы;
- Павлодар облысы;
- Солтүстік Қазақстан облысы.

 Мұғалімдер байқауға өтініш бере алады

1 маусымнан бастап "Педагогикалық идеялар панорамасы – 2025" республикалық байқауына өтініш қабылдау басталады.

Жыл сайын өтетін республикалық байқаудың шартына биыл өзгеріс енгізілді. Енді өңірлік кезеңге қатысу үшін бейнематериал әзірлеу міндетті емес. Алдымен педагог өзінің идеясын жазбаша негіздеп, мазмұны мен өзектілігін сипаттауы қажет. Ал республикалық кезеңге өткен соң, педагогикалық идеяны бейнематериал ретінде ұсынуы тиіс.

Материал бұрын жарияланбаған, басқа байқауларға ұсынылмаған және авторлық құқықты сақтай отырып әзірленген жеке әдістемелік идеяға негізделуі шарт. Жобаны қазақ, орыс немесе ағылшын тілінде тапсыруға болады.

Жаңа су кодексі күшіне енеді

Мемлекет басшысы 9 сәуірде қол қойған Жаңа Су кодексі 10 маусымда күшіне енеді.

Жаңа Су кодексі Қазақстандағы су саласының барлық бағыттарын қамтиды. Оның басты міндеттері – су үнемдеу жөніндегі жалпыұлттық саясатты қалыптастыру және дамыту, елді мекендерде сумен жабдықтау және су бұруды реттеу, балама су көздерін (жаңбыр және еріген қар сулары, тазартылған ағын сулар, тұщытылған тұзды сулар) пайдалану, сондай-ақ су ресурстарын қорғау мен тиімді пайдалану деңгейін арттыру.

Электр энергиясы өседі

1 маусымнан бастап тарифтердің төмендегідей деңгейде өсуі жоспарланып отыр.

Тұтынушылар санаттары бойынша:

• Жеке тұлғалар – 1 кВт/сағ үшін 29,52 теңге;
• Коммерциялық (бей тұрмыстық) тұтынушылар – 38,66 теңге;
• Бюджеттік мекемелер – 111,72 теңге.

Тұтыну көлеміне байланысты дифференциалды тарифтер:

• 1-деңгей: 26,80 теңге (қазіргі тариф – 25,6 теңге);
• 2-деңгей: 35,42 теңге (қазіргі тариф – 33,11 теңге);
• 3-деңгей: 44,28 теңге (қазіргі тариф – 41,39 теңге).

Алматы қаласында электр энергиясын тұтынушылардың 1,2 млрд теңге көлемінде қарызы бар.

Алакөлге жазғы маусымда жету жеңілдейді

2025 жылы Алакөлге 13 теміржол бағыты жұмыс істейді. Оның ішінде 4 бағыт жыл бойы тұрақты, ал 9 бағыт маусымдық қосымша бағыт болып саналады. Пойыздар Астана, Алматы, Павлодар, Қызылорда, Семей, Өскемен және Ақтоғай қалаларынан жүреді.

2025 жылғы 1 маусымнан бастап SCAT әуе компаниясы Алакөл маңындағы Үржар қаласына субсидияланған рейстерді бастайды. Астана – Үржар және Алматы – Үржар бағыттарында аптасына 6 рейс орындалады.

Бірыңғай QR мен телефон нөмірі арқылы ақша аударуға болады

Былтыр қарашада Ұлттық банк телефон нөмірі бойынша банкаралық аударымдар қызметін әзірлеп, пилоттық жобаны іске қосты. Бүгінде банктер кезең-кезеңімен қосылуда. Жүйелік оператор Ұлттық төлем корпорациясы 9 банкпен келісім жасасқан. Олар: Halyk Bank, ЦентрКредит Банкі, Freedom Bank, RBK, Altyn Bank, Bereke Bank, ForteBank, Home Credit Bank және Нұрбанк.

Маусым айында телефон нөмірі бойынша банкаралық аударымдар алғашқы бес банктің клиенттері үшін қолжетімді болады деп күтіп отырмыз. Бұл бес банктің тізіміне Halyk Bank, Freedom Bank, RBK, Altyn Bank және Home Credit Bank бар. Сонымен қатар, жүйеге барлық банктер кезең-кезеңімен қосылатын болады, - деді Б.Жәленов.

Қазақстанда жаңа халықаралық әуе компаниясы жұмысын бастайды

2025 жылдың 1 маусымынан бастап Қазақстанда Біріккен Араб Әмірліктеріне тиесілі Air Arabia Abu Dhabi халықаралық әуе компаниясы өз қызметін бастайды. Компания Абу-Даби мен Алматы арасында тікелей тұрақты рейстерді іске қосады.

Ұшулар Airbus A320 ұшақтарымен аптасына үш рет – сейсенбі, жұма және жексенбі күндері орындалады. Алғашқы рейс 3 маусымда орындалады деп жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, Air Astana әуе компаниясы да жаңа халықаралық бағыт ашады. 4 маусымнан бастап Алматы қаласынан Вьетнамның Дананг қаласына тікелей рейстер іске қосылады. Ұшулар әр аптада екі рет – сәрсенбі және сенбі күндері орындалады.

Эконом-класс билеттерінің ең төменгі бағасы 360 701 теңгені құрайды (барлық алыммен бірге).

Қазақстанда жеке тұлғалар смартфондарын тегін верификациялай алады

Қазақстанда жеке тұлғалар үшін смартфондарды тегін верификациялау мерзімі 25 маусымға дейін ұзартылды. Бұл шара — ел аумағына қалпына келтірілген немесе ұрланған құрылғылардың заңсыз әкелінуі мен сатылуын болдырмауға бағытталған.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембектің айтуынша, верификация процедурасы eGov Mobile порталы арқылы жүзеге асырылады.

Егер сіз, мысалы, телефоныңызды ақпан немесе сәуір айларында сатып алып, оны іске қоспаған болсаңыз, не болмаса шетелден құрылғы әкелген болсаңыз — 25 маусымға дейін тегін верификациядан өте аласыз, – деді ол.

Бір адам екі құрылғыны ғана тіркей алады. Бұл шектеу верификацияның жеке пайдалану мақсатында жүргізілетінін білдіреді.

Өзгелердің жаңалығы