Кеше Шағбан айы басталды. Демек қасиетті Рамазан айының келуіне 1 айдан аз уақыт қалды. Осы орайда, BAQ.KZ тілшісі исламтанушы мамандардан оразаға қалай дайындалу керегін сұрады.
Рамазанға дайындық пен ораза мәні
Исламтанушы Қанат Алшынбаев мұсылмандар үшін қасиетті айға дайындықпен кіру аса маңызды екенін атады.
Мәселен спортшы жекпе-жек алдында дайындалып шығады. Дайын шықпаса, ұтылатыны анық. Сол сияқты намазға дайындықсыз кірсе, намазынан рақат ала алмайды. Ал оразаға дайындықсыз кірсе, оның шарапатына ие болмайды. Сол себепті мұсылман адам оразаға мұқият дайындықпен кірген жөн, - дейді исламтанушы.
Ол Рамазанға дайындықпен кіру үшін оразаның мәнін түсініп алған дұрыс екенін ескертеді.
Көпшілік оразаны тек қарын ашып өткізу деп ойлайды. Ал оразаның мәнін Алла тағала: “Тақуалықтарың арту үшін бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза парыз етілді” деп көрсетеді. Демек, ораза біздің тақуалығымызды, иманымызды арттыру мақсатында парыз етіліп отыр. Пайғамбарымыз да (c.ғ.с.): “Кімде-кім жалған сөйлегенін қоймаса, көзбояушылық істерінен арылмаса, Алла тағала ондай адамның шөлдегені мен аш қалғанына мұқтаж емес” дейді. Бұл дегеніміз – ораза тұтқан адам ораза соңында тақуалығы артып, жақсы жаққа қарай өзгеруі тиіс, - дейді Қанат Алшынбаев.
Исламтанушы ол үшін әуелі ниеттің дұрыс болуы қажет екенін айтты.
Бір адам жұбайына не баласына қолдау үшін ұстауы мүмкін. Басқасы тағы бір бөтен ниетпен тұтады. Хадиске сәйкес ораза тұтушының ниеті тек Алланың ризалығы үшін болады. Екіншісі һәм маңыздысы ораза тұтуды ниет еткен адам ойынша немесе жазбаша өз бойындағы кемшіліктерді тізуі тиіс. Кейін Рамазан айында осы кемшіліктерден арыламын деген мақсат қояды. Міне, айдың соңында не өткен соң тізген кемшіліктерінің біреуінен болса да арылса, оразаны мәніне сай тұтқаны, - деп кеңес берді ол.
Қанат Алшынбаевтың айтуынша, одан соң осы Рамазан айындағы періштелік күйді ары қарай сақтап қалудың қамын жасау керек.
“Жүрекке ревизия жүргізу керек”
“Ырыскелді қажы” мешітінің бас имамы, дінтанушы-теолог Нұрлан Байжігітұлы Рамазан айы басталмас бұрын жүрекке үңілуді ұсынады.
Қалтасында көк тиыны болмаса да, көңілі Құдай, намаз, ораза деп тұратын қазақтың қазіргі жүрегінде не бары маған белгісіз, ойлары қай жақта жүргенін тағы білмеймін. Өйткені, жүрек – құбылмалы дүние, минут сайын сан-саққа алабұртып тұрады. Сол үшін, көп жағдайда Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың “Расында, денеде бір кесек ет бар, ол түзу болса, қалған дене бүтіндей түзеледі, ол бұзылса, қалған дене түгелімен бұзылады. Біліп қойыңдар, ол – жүрек” деген диагнозын жиі басшылыққа аламын. Сондықтан, алдағы оразаға дайындықты бастау үшін, әркім алдымен өз жүрегін ақтарсын, - дейді имам.
Ол әркім жүрегіне онда тазалық бар ма, әлде қарайды ма, өкпе-реніш сияқты ауыр жүктер бар ма немесе “кешірім, тыныштық, берекет деген жайлылық бар ма?” деп ревизия жүргізуі керегін жеткізді.
Мысалы, қазіргі адамдарда қасиет азайып барады, яғни жақсы мінез-құлық. Ал ол адамгершіліктен бастау алады, адалдыққа барып жалғасады, ар-ұятқа, ізгілікке ұласады, мейірім мен қайырымдылықтан, әділдік пен шындықтан, сабырлық пен жауапкершіліктен тұрады. Яғни осы тізгендерді әркім өзгенің емес, өзінің жүрегінен іздесін. Мысалы, өткен жылы отыз күн ораза тұтты. Одан не орды, не жиды, өзі өзгерді ме, өмірі өзгерді ме? Сол сияқты, Құдайға берген уәдесін орындады ма, өзі үшін қандай іс атқарды, жауап бере ала ма? Тіпті, өз-өзіне берген сөзінде өзі тұра алды ма, мәселе сонда. Себебі, Рамазан – рухтың айы, - деді Нұрлан имам.
“Физикалық дайындық та маңызды”
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуә бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлы Рамазан айына рухани дайындықпен қатар, физикалық тұрғыдан да дайындалу маңызды екенін атады.
Рамазанға дайындықты денсаулықты күтуден бастаған дұрыс. Денсаулықты күту, қалай және немен ауыз бекітетінін жоспарлау, күн тәртібін реттеп, ерте жатып, ерте тұруға әдеттену қажет. Рамазан – сауап айы, сондықтан боқ ауыз, жаман сөздерді айтпауға алдын ала кірісу керек, - дейді маман.
Ол сондай-ақ қарызы болған адам шамасы жетсе, оны өтеп тастағаны дұрыс екенін жеткізді.
Пайғамбарымыз (c.ғ.с.) хадисінде төрт адамның оразасы қабыл емес деп айтады: маскүнем адамның, ата-анасының разылығын алмағанның, туысқандарымен байланысын үзгеннің және кек сақтап, өш алғысы келетіннің. Демек рухани дайындық та керек. Рухани дайындық өзін, ойын, көзін, құлағын, қолын жаман әдеттерден тыю арқылы болады, - деді ол.
Сонымен қатар, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қасиетті ай туралы көбірек білгісі келетін BAQ.KZ оқырманына Рамазан айының мәні, оразаға қандай 30 нәрсені дайындау керек және қасиетті ай басталмайынша жасалу керек амалдар жөнінде материалдар ұсынды.