1,5 миллионға жуық адамға ай сайын азық-түлік топтамасы беріледі – министр

1 Сәуір 2020, 19:04
2219
Бөлісу:
1,5 миллионға жуық адамға ай сайын азық-түлік топтамасы беріледі – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов бүгінгі онлайн брифинг барысында әлеуметтік төлемі жоқ азаматтардың да 42500 теңгені ала алатынын жеткізді.

Арамызда әлеуметтік төлемі жоқ азаматтар да бар. Олар бейресми жұмыс істеп жүргендер. Олардың еңбек шарттары жоқ, салық төленбеген. Бұл азаматтар үшін шешім – рәсімделу жеткілікті. Рәсімделу деген не? Ол азамат бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) бір мезгіл төлесе жеткілікті. Яғни, бұл төлем қала тұрғындарына – 2651 теңге, ауыл тұрғындары үшін – 1325 теңгені құрайды. Осы төлемді бір рет жасасаңыздар, 42500  теңгені ай сайын алып тұрасыздар. Оны қалай жасау керек? Бірқатар банктердің мобильді қосымшаларынан немесе SMS арқылы 5505 деген қысқа нөмірге қала тұрғындары GORODESP ЖСН нөмірі,  ауыл тұрғындары  SELOESP ЖСН нөмірі жазып  жіберулері қажет, – деді Біржан Нұрымбетов.
Сондай-ақ ол жұмыстан шығып қалған азаматтардың мәселесіне де тоқталды.
Себебіне қарамастан, төтенше жағдай болсын, басқа жағдай болсын, жұмыстан шығып қалған азаматтар, егер олар осы күнге дейін жұмыс істеген болса, мемлекеттік сақтандыру қорынан 6 айға дейін өзінің жалақысының 40 пайызына дейінгі төлемін алатын болады. Алты ай бойы. Ол үшін де eGov.kz порталының "Жұмыспен қамту" деген бөлімінде жұмыс іздеуші ретінде тіркелесіз. Үш күннен кейін сізді жұмыссыз ретінде тіркейді. Одан кейін сізге  автоматты түрде төлем жасалатын болады. Бұл жерде де тәртіпті өзгерттік. Ұзаққа созылмайды, – деді ол.

Егер азамат жұмыссыз болып тіркелсе, бірақ бұған дейін ұзақ уақыт жұмыс істемеген болса, кеше ел президенті айтқандай, азық-түлік топтамасы берілетін болады.
Бұл топтаманы елімізде атаулы әлеуметтік көмек алып жүрген отбасылардағы барлық балалар, барлық топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар, мүгедек баланы қарап отырған ата-аналар, ХҚКО жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар алады. Елімізде 1,5 миллионға жуық адамға ай сайын азық-түлік топтамасы беріледі. Оны жергілікті әкімшілік жүзеге асырады, – деді министр.
Өзгелердің жаңалығы