Тілшілер жаңадан құрылған туристік полицияның жұмысымен танысты

20 Мамыр 2019, 16:40
1980
Бөлісу:
Тілшілер жаңадан құрылған туристік полицияның жұмысымен танысты
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жақында елімізде туристік полиция құрылған болатын. Бүгін тілшілер Нұр-Сұлтан қаласындағы турполицияның жұмыс барысымен танысты. 

Сәуір айында ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев бұйрығымен туристік полиция құрылымы жасақталған болатын. Мұндай бөліністер алдымен Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, Ақмола, Алматы, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында құрылған еді.  

«Турполиция бірінші кезекте өзге ел азаматтарының біздегі туристік нысандарға келген кездегі қолайлығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құрылған. Бұдан соң жаяу жүргіншілер аумақтарын патрульдеу, шетелдік туристерге консультация беру, қауіпсіз туризм жағдайына мониторинг жасау. Сондай-ақ туристерді белгілі бір жағдайға байланысты туындаған қауіп-қатер туралы хабардар ету секілді міндеттер атқарады», - деді Көші-қон қызметі комитетінің аға инспекторы Ерлан Тойымбаев.

Оның айтуынша,  туристік полиция қызметкерлеріне жоғары талаптар қойылады. Яғни, бірінші кезекте шет тілдерін білу, Қазақстан тарихы мен туристік нысандардың тарихынан хабардар болу, туристерде туындаған проблемаларды шешу үшін полицияның басқа бөлістерімен өзара байланысты қамтамасыз ету. 

«Туристік полиция қызметкерлері тарихты, шет тілдерін білу қажет. Тұрғындармен сауатты, сыпайы сөйлесулері маңызды. Сонымен қатар, құқық бұзушылыққа жол бермеу кезінде олар рациямен жасақты шақырып, құқық бұзушыны тапсырады. Туристік полицияның негізгі міндеті – шетелдік туристерге оларды қызықтырған құқықтық сұрақтар бойынша түсініктемелер кеңестер беру. Туристік полиция елімізге шетелдіктерді, инвесторларды тарту үшін құрылды», - деді Ерлан Тойымбаев. 

Министрліктің дерегі бойынша, туристік полицияның штаттық саны 65 қызметкерді құрайды (13 аға инспектор және 52 инспектор).

Өзгелердің жаңалығы