Кәмелеттік жасқа толмаған даяшылардың өліміне қатысты тергеу ісі басталды

26 Қараша 2019, 16:10
11713
Бөлісу:
Кәмелеттік жасқа толмаған даяшылардың өліміне қатысты тергеу ісі басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бабының 4-тармағы ("Еңбектi қорғау қағидаларын бұзу") бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарының бірыңғай тізіліміне тіркелді. Бұл туралы Lada.kz сайты хабарлады.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Істің мән-жайы тексеру кезінде анықталады, - деді Жаңаөзен қаласы полиция басқармасы басшысының міндетін атқарушы Серік Айдаров.

Жаңаөзен қаласы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысы Қолғанат Есмырзаеваның айтуы бойынша даяшы балалар мейрамхана аумағында орналасқан қазандықта түнеп қалған. Белгілі болғандай, балалар сенбі күнгі 23 қарашада банкетте жұмыс істеп, 24 қарашада таңертеңгі банкетке шығу керек болған соң, үйлеріне бармай, қонып қалған екен.

Анасының айтуы бойынша, балалар өздері жұмыс істеген жердегі қазандықта қонып қалған. Бізге телефон арқылы үш адам зардап шеккенін хабарлады. Бір адам жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді. Ал екі адам оқиға орнында қаза тапты, - деді Қолғанат Есмырзаева.

Тірі қалған 15 жастағы баланы ауыр жағдайда реанимация бөліміне жеткізді. Ол газбен уланып қалған. 25 қараша күні студент есін жиды, қазір өзін жақсы сезінеді.

2003 жылы туған бала Жаңаөзен қаласының көпсалалы ауруханасына жеткізілді. Бірден реанимация бөліміне жатқызылды. Дәрігерлер консилиум өткізді. Қазір баланың жағдайы жақсы, есін біледі, тамақ ішеді, сұрақтарға жауап береді. Қазір бала дәрігерлердің бақылауында. Жалпы палатаға шығаруды жоспарлап отырмыз. Дәрігерлер баланың жағдайын тұрақтандырды, - деді Жаңаөзен қалалық орталық ауруханасының емдеу бөлімі директорының орынбасары Раушан Жапарова.

Естеріңізге сала кетейік, кәмелеттік жасқа толмаған мейрамхана қызметкерлері газдан уланып қаза тапқаны туралы хабарлаған болатынбыз.


Өзгелердің жаңалығы