"Орбұлақ шайқасы" телеэкранда

12 Желтоқсан 2019, 17:05
3564
Бөлісу:
"Орбұлақ шайқасы" телеэкранда
PHOTO Серіктестік материал

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Qazaqstan" Ұлттық арнасы шағын қолмен жаудың қалың әскерін ойсырата жеңген қазақ батырларының ерлігі мен елдік жолындағы күресін әйгілеген Орбұлақ шайқасы туралы телехикая түсірді. 

Тарих парағына 376 жыл бұрын жазылып, "Қайталанбас оқиға" деп бағаланған бабалар жорығы осылайша ел жадында қайта жаңғыртылмақ. Жоба Тәуелсіздік мерекесіне орай  Ұлттық арна эфиріне шығады. Бүгін елордада тарихи жобаның таныстырылымы өтті. Жиынға ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев қатысып,  отандық киноөндірісі саласының жылдан-жылға дамып келе жатқанын айтты. 

Министрлік құрылған 2016 жылдан бері  "шетелдік фильмдер қаптап кетті деген" мәселені алдымен қолға алдық. Осы жұмыс аясында жылдан-жылға отандық телехикаялар санын көбейтіп жатырмыз. Бұл әлемге елімізді, елдігімізді, дәстүрімізді танытатын жақсы мысалдардың бірі деп есептейміз. Келесі жылы Абайдың, әл-Фарабидің мерейтойы келе жатыр. Көпшілік назарына ұсынылған бұл жоба – сол бастамалардың бірі ғана деп қабыл алыңыздар, - деді тарихи жобаның жүзеге асуына қолдау білдірген сала басшысы. 
орк2.jpg

"Орбұлақ шайқасы"  - 1643 жылы Орбұлақ маңында 50 мың қолға төтеп берген 600 қазақ сарбазы туралы түсірілген алғашқы телехикая. 
Бұл сериал - тарихты түгендеу ісіне қосқан үлесіміз. "Орбұлақ шайқасы" телехикаясының түсірілімдері Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарында және Орбұлақтың өзінде жүргізілді. Тарихи сериалдарды түсіру - өте күрделі әрі қымбат процесс. Сондықтан бұл бағытта әзірге тек мемлекеттік арналар ғана қадам жасап келеді. Біз жыл сайын тарихи сериалдар санын көбейту міндетін алға қойып отырмыз. Келесі жылы Абай мен Әл-Фараби телехикаялары түсіріледі, - деді  "Қазақстан" республикалық телерадио-корпорациясының басқарма төрайымы Л.Танысбай. 
орк1.jpg

Телехикаяның продюсері бұған дейін "Кейкі мерген", "Тар заман" тарихи туындыларын түсірген Мұрат Бидосов, кеңесшісі - жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Бексұлтан Нұржекеев. 8 бөлімді телехикая "Qazaqstan" Ұлттық телеарнасынан 16-17 желтоқсан күндері cағат 14:50-де көрсетіледі.

орк4.jpeg

 



Өзгелердің жаңалығы