«Көктемде тұрмыс құратын еді...»

9 Қаңтар 2019, 12:31
10065
Бөлісу:
 «Көктемде тұрмыс құратын еді...»

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда қаласында жасөспірім «Лексус» көлігімен 22 жастағы бойжеткен қызды қағып өлтірді. Бұл оқиға көптеген қызылордалықты бей-жай қалдырмады. Олар әділдік іздеген бойжеткеннің туыстарын қолдап, жүгенсіз кеткен жасөспірім мен ата-анасын жазалауды талап етуде. Сонымен, Қызылордадағы «кіші Үсенов» кім? Марқұм қыздың туыстарының хәлі нешік?

Қайғылы оқиға қалай болды?

Жан түршігерлік оқиға 2018 жылдың 28 желтоқсан күні сағат 22:00 шамасында болған. 10 сынып оқушысы Сабыржан Жәдігерұлы Сүлейменов пен Нұрмақ көшесінің қиылысындағы жаяу жүргінші жолымен өтіп бара жатқан 22 жастағы қыз Саида Абдуллаеваны қағып кеткен. Алайда, ауыр жарақаттанған бойжеткен ауруханада көз жұмды, яғни төрт күн ес-түссіз жатқан.

Ішкі істер қызметкерлерінің айтуынша, автокөлік кінәлі адамның анасына тиесілі. Қазір осы жол-көлік оқиғасына қатысты тергеу амалдары жүруде. Дәлірек айтсақ, Казақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігімен және 349-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталған. Тиісті сараптамалар да тағайындалыпты.

«Оқиға орнында ол зардап шеккен адамды көлігіне салып, ауруханаға жеткізген. Алайда ол 1 қаңтарда алған жарақатынан ауруханада қайтыс болды. Жасөспірім өз кінәсін толықтай мойындады. Қазіргі уақытта ол анасының қарауына берілді», – деп мәлімдеме жасады ҚР ІІМ ішкі және сыртқы коммуникация департаментінің директоры Алмас Сәдубаев.

Сонымен қатар, ол жасөспірімнің ата-анасының рұқсатынсыз көлікті тізгіндегенін хабарлады.

Алайда марқұм Саиданың анасы Нартай Абдуллаеваның айтуынша, оқиға болған күні жасөспірімнің анасы көліктің кілтін баласына өзі бергенін және бір жерге өзі жұмсағанын мойындаған. «Бірер күннен кейін бала көлікті айтпай өзі жүргізіп кеткен» деп пікірін өзгертіп отыр», – деп ашынады Нартай апа. Ол оқиғаға қатысты осындай көңілге күмән келтіретін басқа да жайттар бар екенін айтады.

«Менің жаныма батып отырғаны, баламды қаққаннан кейін полиция да шақырмаған, жедел жәрдем де шақырмаған. Әлгі жасөспірімнің қасында екі адам болған. Олар қызымды көтерісіп, «Лексус» көлігіне салып, қалалық ауруханаға алып барады. Ауруханадағылар «неге оны мұнда алып келдіңдер, неге жедел жәрдем шақырып, күтпедіңдер ме» деп кейиді. Олар қайтадан апат болған жерге алып келеді. Ана жерге, мына жерге домалатады. Онсызда ауыр жағдайда жатқан адамның хәлі нашарлай берген. Қызым болса, ес-түссіз жатыр, бұл әрекеттерінен бейхабар. Көргендер қызымның қорылдап жатқанын айтады. Біз суыт хабарды естіп, далаға шыққанымызда қызымды облыстық медициналық орталыққа әкетіпті. Қызым Сүлейменов пен Нұрмақов көшесінің қиылысындағы дүкенге сусын әкелуге кеткенде осындай оқиға орын алып отыр. Саида жаяу жүргінші жолымен өткен. Ал анау бала қатты жылдамдықпен жүрген ғой, өйткені, қаққан кезде Саиданы ұшырып жіберген. 14 жастағы балаға қалай көліктің рөлін сеніп тапсырған? Күндіз емес, тас қараңғыда жүйіткіген. Оқиға болғаннан кейін бірден жедел жәрдем шақырса, мүмкін, қалалық ауруханаға апарғанда дәрігерлер қабылдап алғанда, қызым тірі қалар ма еді?! Бізді тағы бір ашындырғаны, жан тапсырғаннан кейін денесін мәйітханаға сырқатнамасыз (история болезни) өткізіп тастаған. Сонда мәйітхана құжатсыз қалай қабылдап алған? Бұл талапқа сай келмейді ғой, Тіпті, ақылға қонбайды. Сол құжатты күтіп, денесі зорға алынды. Ең болмаса үйде бір күн жатқызсақ деп едік. Оны да жасай алмадық», – дейді.

Ал Саиданың әпкесі Сәния Абдуллаеваның айтуынша, оқиғаны көрген куәгерлер түсініктеме беруден бас тартуда.

«Өкінішке қарай, куәгерлер болған жайтты айтуға жасқанып отыр. Бір ғана куә бар, бірақ ол алыстан байқаған екен. Қазір біз фотоға, видеоға түсіріп алған немесе сол жермен өткен куәлер болса, хабарласуын өтініп, әлеуметтік желі арқылы хабарландыру беріп жатырмыз. Ал қалалық ауруханаға Саиданы кімдер апарғанын, қандай көлікпен келгенін нақты білгіміз келеді. Сол үшін аурухананың бейнебақылау камерасын қарауға өтінш білдірдік», – дейді Саиданың әпкесі.

Жол апатынан қаза тапқан бойжеткеннің туыстары әділ тергеуді талап етуде. Өйткені, істің бұрмаланып кетуінен қауіптенеді. «Лексус» көлігін тізгіндеген баланың жақындары істің өзгеше өрбуіне ықпал етуі мүмкін дейді олар. Әлгі кәмелетке толмаған баланың әкесі Сыр еліне танымал кәсіпкер – Жәдігер Орақбаев. Жақында Қызылорда қаласының Құрметті азаматы атағын алыпты.

 «Әлеуметтік желіде шу шыққанша бізді ешкім іздемеді»

Нартай Абдуллаеваның айтуынша, «Фейсбук» және «Инстаграм» желілері арқылы жан дауыстарын шығарғанша құқық қорғау қызметкерлері Саиданың туыстарын іздемеген.

«Осы оқиғасы бойынша ақпарат шыққанша мән-жайды білуге тырысқан адам болмады, бірде-бір полицей үйге келмеді. Түсініктеме де алмады. Оқиға болған күні түнде ауруханада жан сақтау бөлімінің алдында тұрғанда екі кісі қол қойдырып алды. Жүрегім аузыма тығылып, алаң болып тұрған сәтте не қағаз екенін мән бермеппін. Одан кейін ешкімді көрмедім. 4-5 күннен кейін интернетке ақпарат жарияланған кейін барып, ертеңіне ішкі істер қызметкерлері келе бастады. Мен осы уақытқа дейін қайда жүрсіңдер деп ренішімді білдірдім. Олар туысқандарыңыз барма деп айтты сылтау айтты. «Апат болғаннан кейін зерттемейсіңдер ме? Қаншама күн өтті ғой» дедім. Қайтыс болғаннан кейін де келген жоқ. Түсініктемені менен 10 күннен кейін алды. Осы істі аяғына дейін жеткіземіз. Ал қаққан баланың әке-шешесі бізге көңіл айтып та келмеді. Керісінше, бір туысы келіп бізге басу айтудың орнына дауыс көтеріп кетті. Шу шыққаннан кейін олардың аптығы басылды», – дейді Саиданың анасы Нартай Абдуллаева.

Әпкесі Сәния Абдуллаева оқиғаның мəн-жайларын анықтауға атсалысып жүргенін жеткізді. Тергеу жұмыстарын облыс прокуроры да ерекше бақылауына алған.

«Кеше облыс прокурорымен кездесіп, оқиғаның мән-жайын баяндадық. Ол кісі тікелей бақылауында ұстайтынын айтты. Қылмыстық істі электронды форматтан қарап отыруға болады деді. Яғни, бәрі көз алдымызда анық көрініп тұратынын айтты», – дейді Сәния.

«Көктемде тұрмыс құратын еді...»

Нартай апаның айтуынша, Саида Қызылорда қаласындағы №5 мектепте оқыған. Кейін Қытайда білім алған. Төрт тілді еркін меңгерген.

«Менің жанымда болу үшін бакалаврды бітіріп, елге оралды. Ағылшын, қытай, орыс және қазақ тілін еркін меңгерген. Қызылордадағы мұнай компаниясында аудармашы болып қызмет істейтін. Мінезі ашық, жарқын еді. Бастаған ісін аяқтамай қоймайтын, тиянақты, ұқыпты болатын. Өзінің алдына биік мақсат қойып, соған жету жолында еңбектеніп жүрген еді. Көктемде тұрмыс құрамын деп айтқан еді. Соңғы рет жігітімен сөйлесіпті. Әкесі де төрт жыл бұрын дүние салған еді. Ешкімге жалтақтатпай өсіріп едім», – дейді анасы.

Құрбысы Азиза Жақсылықова Саидамен оқиға болатын күні түсте кездескен.

«Бірге ас ішіп, әңгімелестік. Одан кейін ватсап арқылы сөйлестік. Түнде хабарды естігенде төбемнен жай түскендей болды. Ойын ашық айтатын. Күліп жүретін. Ешкімге соқтықпайды, жамандамайды. Сөз байласқан жігіті болатын. Тойымыз болады деп жүрген. Сосын кәсіп ашамын деп ойларын айтатын», – дейді Азиза.

Енді Саиданың туыстары істі соңына дейін жеткізіп, әділдікке көз жеткізбей тынбаймыз деп отыр.

Айта кетейік, қазіргі таңда бұл жол-көлік оқиғасы облыстық полиция департаменті басшысының және облыс прокурорының бақылауында. Тергеу жалғасуда.


Ибраш ӘЛИ

Фотолар: автордан

Өзгелердің жаңалығы