Ғалымдар көзі мүлдем көрмейтіндерге арналған имплант ойлап тапты

Ғалымдар көзі мүлдем көрмейтіндерге арналған имплант ойлап тапты
1318

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Көру қабілетін қалпына келтіретін арнайы протез туылған кезде көзі көрген немесе көру қабілетін уақыт өте келе жоғалтып алған адамдарға ғана жарайды, деп хабарлады Лайф агенттігі.

Бұндай құрылғыны ойлап табуға АҚШ-тың Техас штатындағы Бейлор медициналық колледжі атсалысқан.

Нейрохирургия саласында жүргізілген тәжірибелерге сәйкес, тікелей миға бейнежазбаларды көру туралы сигнал беретін импланттың көмегімен көзі мүлдем көрмейтін 6 адамның көру қабілеті ішінара қалпына келтірілген. Ғалымдар мұндай мүмкіндікке көзілдірікке бекітілген видеокамераның көмегімен қол жеткізген. Видеокамера түсірілген материалды мидың көру қыртысына имплантталған электродтарға жіберіп отырады.

«Мидың визуалды ақпаратты қалай кодтайтынын бірнеше жыл бойы зерттеп келдік. Көру қабілеті туралы ойлағанда, сіз көз туралы ғана ойлайсыз, ал негізінде жұмыстың көп бөлігі ми қыртысында жүзеге асырылады», - деп түсіндірді зерттеу жұмысының жетекшісі, әрі нейрохирург Даниэль Йошор.

Арнайы имплант туылған кезде көзі көрген немесе көру қабілетін уақыт өте келе жоғалтып алған адамдарға ғана орнатылатынын атап өткен жөн. Өйткені, егер адам мүлдем көрмейтін болып туылса, көру қабілетін реттеп отыратын мидың бөлігі толықтай дамымай қалады. Соның салдарынан визуалды ақпарат миға жетпейді. Сол себепті аталған имплант жүре келе көру қабілетін жоғалтқан адамдарға ғана орнатылады.

 


Фото: ашық дереккөз