"Қазақфильм" келтірілген шығынды есептеп, өздігінен жанудың болжамын жоққа шығарды

18 Тамыз 2020, 01:16
1391
Бөлісу:
"Қазақфильм" келтірілген шығынды есептеп, өздігінен жанудың болжамын жоққа шығарды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы қалалық ІІД-інде "Қазақфильм" киностудиясында болған өрт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар, өрттен келген шығын көлемі есептелді. Бұл туралы киностудияның Instagram-дағы парақшасында жазылды.

Сонымен қатар, бұл төтенше жағдай Алматы қаласы әкімінің, ҚР Ішкі істер министрі мен ҚР Мәдениет және спорт министрінің ерекше бақылауында екендігін хабарлады.

Сондай-ақ, киностудия әкімшілігі ішкі тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Белгілі болғандай ең алдымен өрт орман қоймасының ашық аумағында басталған. Шамамен 20 минуттан кейін "Қазақ хандығы" тарихи фильмі үшін жасалған "Шайбан шахтың ішкі ауласынан" өрт шыққан. Бұл ағаш құрылым алғашқы ошақтан 300 метр қашықтықта орналасқан. От шыққан қоймада жанғыш материалдардың болмауы мен оған электр тоғының тартылмауы өрттің өздігінен шығу фактісін жоққа шығарады, – деп жазылған киностудияның әлеуметтік желідегі парақшасында.

Қазіргі уақытта өрттен келтірілген шығынның мөлшері 48 981 130 теңгені құрайды. Есептеулер жалғасуда.

Еске сала кетейік, 14 тамызда "Қазақфильм" ғимараты өртке оранған. Алматы әкімі өрттен келген шығынды есептеуді тапсырған. ҚР Мәдениет және спорт министрі оқиғаға байланысты жиын өткізген. 




Өзгелердің жаңалығы