Ғарышта 12 күн болған робот Жезқазғанға қонды

9 Қыркүйек 2019, 18:22
2382
Бөлісу:
 Ғарышта 12 күн болған робот Жезқазғанға қонды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған робот «Федор» орбитада 12 күн жұмыс істеп, аман-есен Жерге оралды. Бұл туралы kyzylorda-news.kz сайты «Роскосмостың» баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Бортында робот Федор Skybot F-850 бар «Союз МС-14» ғарыш кемесінің аппараты 7 қыркүйек күні Жезқазған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 147 шақырым қашықтықта Нұр-Сұлтан уақытымен 03 сағат 32 минутта қонды.

«Роскосмос» баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, «Союз МС-14» ғарыш кемесінің жерге қонуы және орбитадағы жұмысы бойынша барлық операция штаттық режимде өткен.

Еске салайық, «Союз-МС» көліктік кемесі бар «Союз-2.1а» жаңа зымыран-тасығышы Байқоңыр ғарыш айлағынан 2019 жылдың 22 тамызында ұшырылды. Алайда, ғарыш кемесі Халықаралық ғарыш стансасына (ХҒС) белгіленген уақытта түйісе алмады.

Бұдан бұрын «Союз-2.1а» зымыраны орбитаға тек «Прогресс» жүк кемелері мен түрлі бағыттағы ғарыш құрылғыларын шығарып отырды. 25 қыркүйекке жоспарланған ұшырылымнан кейін «Союз-2.1а» зымыран-тасығышын «Союз-ФГ» кемесіне ауыстырады.

Өзгелердің жаңалығы