Президенттің бүгінгі Жарлығы шығысқазақстандық аналарға қуаныш әкелуде

26 Маусым 2019, 20:51
2943
Бөлісу:
Президенттің бүгінгі Жарлығы шығысқазақстандық аналарға қуаныш әкелуде

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Президенттің көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылардың несиелерін жабу жөніндегі бүгінгі Жарлығы осы санаттағы жанұяларға аз қуаныш әкеліп жатқан жоқ. Ертеңгі күннен үлкен үміт күтетін көпбалалы аналардың бірі Назгүл Құнапиянова құжатта айтылған шаралар іске асса тұрмыстың әжептауыр жеңілдеп қалатынын айтты.

«Ел президентінің бүгінгі Жарлығы азқамтылған көпбалалы аналардың барлығына қуаныш әкеп жатыр. Мен де солардың қатарындағы жанмын. Құжатта көрсетілген шаралар іске асса мойнымыздан үлкен жүк түсер еді. Барлығымыздың басымызда дерлік несие қарыздарымыз бар. Түрлі жағдайларға байланысты несие алуға лажсыздан барып жататынымз рас», - деді алты басланың анасы Назгүл Құнапиянова.

Бүгінде жалғыз отағасы ғана нәпақа табатын отбасының банктер алдында біраз қарызы барын айтқан ол, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылардың несиелерін жабу жөніндегі Жарлыққа қол қойғанда шынымен де қуанғанын жасыра алмады. Көңілінде үміт оты жарқ еткен ана бүгінде алты баланы тәрбиелеп отыр. Балаларының үлкені 18 жаста болса, кенжесі алты айлық екен.

«Балаларымның дені мектеп жасындағы балалар. Отбасымызда жалғыз күйеуім жұмыс істейтіндіктен несие алуға мәжбүр болып жатамыз. Несие пайызын жабатын қарыздан арылсақ ақшамыз өмірімізге жететіндей артылатыны белгілі. Балаларыма киім-кешек, керек-жарағын сатып алып, тұрмысымыз жеңілдеп қалушы еді. Жалғыз мен емес айналамда менен де басқа көпбалалы, жалғызбасты, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған жанұялар аз емес. Солардың барлығы қуанып қалары сөзсіз», - деп қосты ол.

Қазіргі уақытта Назгүл Құнапиянова алты баласымен бірге ата-енесінің үйінде сығылысып тұратынын айтады. Екінші топ мүгедектігі тағайындалған қайын атасына да бас-көз болып отырған келіншек қарыздан құтылса өз баспаналарының болатын күннің де алыс қалмайтынын тілге тиек етті.

Өзгелердің жаңалығы