жаңалықтар
  • аймақтық БАҚ

ҰЛТТЫҚ НАҚЫШТАҒЫ, ШАРИҒАТҚА САЙ КИІМДЕР ҰСЫНЫЛДЫ

27 Қазан 2011, 09:57 Қарап шығу: 902 Түсiнiктер: 0

Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде «Әсем киім - әйел көркі - 2011» байқауында кімнің өнері оза шапқандығы белгілі болды.
 

Қоғамымызда орамалды қыздар жиі сынға ұшырап, өзекті тақырыпқа айналғанда, осыдан бес ай бұрын ҚМДБ-ның бастамасымен отандық сәнгерлер хиджабты қазақыландыруға кіріскен болатын. Құрамында ҚМДБ өкілдерінен бөлек белгілі сахна шебері Асанәлі Әшімов, әйгілі әнші, композитор Ескендір Хасанғалиев, отандық сәнгер, «Құралай» сән үйінің басшысы Құралай Нұрқаділова, Қыздар педагогикалық институтының ректоры Динар Нөкетаевалар бар әділқазылар алқасы қазылық еткен сән байқауына 200-ден аса киім ұсынылғанмен, шариғат шарттары мен қазақтың ұлттық нақышына сай деп танылған 60-ы ғана сарапшылар тезінен өтіп, көпшілік назарына ұсынылды.
Бас киім, жұмыс киімі, күнделікті киім үлгілеріне баса назар аударған қазылар алқасының шешімімен ынталандыру сыйлығы бес адамға беріліп, олардың әрқайсысына 150 мың теңгеден арнайы жүлде берілді. Үшінші орынға Назгүл Семғалиева, Тоғжан Рымбаева, Майра Ахметовалар лайықты деп танылып, әрқайсысына 300 мың теңгеден тапсырылса, «Сан қырлы кәусар ханым» коллекциясын ұсынған Зүлфия Ақатаева және сәнгерлігімен ғана емес, қаламгерлігімен де танымал Ғалия Қайдауылқызы екінші орындарды өзара бөлісіп, 400 мың теңгеден қаржылай сыйақы алды. Бірінші орынды сән сайысы әлеміне алғаш қадам басқан, бастаушы дизайнер Гүлжан Рысбекова жеңіп алып, 500 мың теңге жүлдемен марапатталып, жаңа ізденістерге тың серпіліспен кірісуге мүмкіндік алды. Бас жүлде 750 мың теңге сән саласында 14 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Ерке-Нұр» кәсіпорынына бұйырды. Кәсіпорын президенті Фарида Мерхамитқызы:
- Бүгін көпшілік назарына ұсынылған «Қарагөз» коллекциясын дайындауға үш ай уақыт қажет болды. Оны жасау барысында киімнің күнделікті киіп жүруге ыңғайлы, қазақтың да, шариғаттың да шарттарына, бастысы қазіргі уақыт талабына сай болуына баса назар аударған едік. Қазылар алқасының талғамынан шыққанына қуаныштымыз, - дейді кәсіпорын жетекшісі.
Қанат-Айткүл Құдайбергеновтер, «Серілер», «Жігіттер» өзге де танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен өткен сән байқауына келушілерге сыйлық ретінде ішінде қазақтың ақ жаулығы мен кимешегі жайлы ақпараты мол, сондай-ақ, байқауда жеңімпаз деп танылған дизайнерлердің киім үлгілері топтастырылған журнал мен бірнеше құнды кітаптар салынған 5 мың пакет таратылды.
- ҚМДБ мұрындық болған бұл байқауға шетел мұсылмандары да қызығушылық танытып отыр. Бұл сән сайысын жылда өткізсек деген ойдамыз. Бүгін ұсынылған киімдерді ешкімге де мәжбүрлеп кигізу ойымызда жоқ, бұл тек қазақтың қыз-келіншектері мен отандық кәсіпкерлерге ойлануға азық боларлық байыпты бастама ғана, - дейді Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі.
Сахнада көрсетілген киім үлгілері дүкендерге саудаға шығарылмақ. Ал оның бағасы қарапайым халық үшін қолжетімді болатынын айтады дизайнерлер.

Гүлназ ҚАДЫР
Суреттерді түсірген Б. ДӘУЛЕТ.


 





Пікірді қалдыру

Құрметті оқырмандар!
Пікір жазғанда жеке адамның ар-намысын қорлайтын, кемсітетін, ұлт араздығын тудыратын сөздерді қолданбауыңызды сұраймыз
Заполните все поля или авторизуйтесь
Пікір қалдырғаныңызға рахмет
Аты: E-mail:
    Алматы облыстық қоғамдық-саяси апталығы
    Толық оқып отыру

    Бүгін

    Жаңартқан: 25 минут бұрын

    Курстер

    USD 183.51
    EUR 248.77
    RUB 5.34

    Аймақтық БАҚ