2010 жылдың 24 қарашасынан
бастап іске қосылды
Жаңалықтар
  • Жаңалықтар
  • Аймақтық БАҚ
  • Блогтар
  • Iздеу
  • Қазақстан экономикасы
22 Қараша 2013, 10:29   460    0 Қазақстан экономикасы

Арман Байқадам, жеке кәсіпкер: Ел экономикасына ұлттық стандарт қажет

Астана. 22 қараша. Baq.kz – Жақында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев экономикамыздың дамуы, мемлекеттік сатып алу, кәсіпкерлік, индустриялық саясаттың іске асырылуы, аграрлық сектор, әлеуметтік жаңғырту, халықаралық ықпалдастық мәселелеріндегі бірқатар кемшіліктерді тілге тиек етіп, сын ескертпелер айтқан еді. Әсіресе, кәсіпкерлерге қолдау қажеттігі ерекше назарға алынған болатын. Осы орайда біз қазіргі таңда көпсалалы «Baikadam Holding» компаниясының негізін қалаушы, жеке кәсіпкер Арман Байқадамнан еліміздегі кәсіпкерліктің дамуы мен кемшін тұстары жөнінде сұхбаттасқан едік, деп жазады «Ана тілі» газетінің тілшісі. 

 

– Сіздің Т.Рысқұлов атындағы ҚазЭУ-дың Pһ.D докторанты және Швейцарияның Еуропалық университетінің жоғарғы бизнес мектебінің DBA деңгейіндегі докторан­ты екеніңізді білеміз. Қазіргі таңда «Baikadam Holding» компаниясының негізін қалаушы кәсіпкерсіз. Жалпы компанияңыз қай салада қызмет істеп келеді?
– Еліміздегі экономика бес саладан, яғни өндіріс, ауыл шаруашылығы, қаржы, құрылыс, қызмет көрсету саласынан тұратынын ескерсек, біздің қызметіміз – негізінен құрылыс пен қызмет көрсету бойынша жүргізіліп келеді. Компаниямыз әлеуметтік маңызы бар нысандарды, яғни көпқабатты тұрғын үйлер, мектеп, балабақшалар салумен қатар, жобалау-іздестіру жұмыстарын жүргізіп, инфроқұрылымдық инженерлік жүйе, оның ішінде электр, жылу жүйелерін, су құбыры мен кәріз жүйелерін реконструкциялық және күрделі жөндеуден өткізеді. Бұған қоса, холдинг аясында бухгалтерлік, құқықтық, HR-инженеринг және бизнес консалтинг қызмет түрлері бойынша да жұмыстар жүргізіледі. Ал болашақтағы бағыт-бағдарымыз «Қазақстан –2050» Стратегиясына сай кәсібімді әртараптандыру үшін 2015 жылдан бастап бірте-бірте экономиканың басқа салаларына да өту жоспарда бар.
– Елбасы сол жиында мемлекет-жекеменшік серіктестігі сияқты жобалардың тиімсіздігі жайлы және даму институттары, зейнетақы қорлары, сақтандыру компанияларының бұл жобаларға белсене араласпайтынын атап көрсеткенінен хабардар боларсыз. Сіздің пікіріңізше, жеке кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау қажет пе? Осы «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасы қаншалықты тиімді?
– Әрине, кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау қажет. Мұндағы қолдау дегеніміз, кәсіпкердің өз кәсібін дамытуға ынталандыруды айтамыз. Мұны «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы мысалынан тарқатайық. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасында индус­триялды даму бойынша экспортқа бағытталған өндіріс саласындағы кәсіпорындарға басымдық берілген. Бір айта кетерлігі, экономиканы әртараптандыру үшін аталған ел экономикасының бес саласын да қамту қажет. Әсіресе, қызмет көрсету саласындағы шағын және орта бизнес өкілдеріне бағытталған нақты бағдарлама жоқ. Мәселен, маркетингтік сараптау, құқықтық қызмет көрсету, бухгалтерлік-аудит, HR-инженеринг, бизнес-инженеринг іспеттес қызмет түрлері қарастырылмаған. Жоғарыдағы айтылған бес саланың ішінде экономиканың ең көп қаржы айналымын құрайтын сала – қызмет көрсету саласы екенін ескерген абзал. Яғни негізгі бес саланың төртеуі – өндіріс, қаржы құрылыс, ауыл шаруашылық салаларын дамыту үшін қызмет көрсету саласының алғышарт екендігі ескерілмей отыр.
– Шағын кәсіпкерлікті бастап жатқандарға даму институттары қаншалықты ықпал етеді?
– Біріншіден, шағын кәсіпкер­лерге даму институттары жөнінде және бұл институттардың өндірістерін дамытуға қаншалықты оң ықпал тигізетіні жайлы ақпарат жете бермейді. Екіншіден, даму институттарының кәсіпкерлікті дамытуға арналған құралдары мен талаптары шағын және орта бизнес үшін тиімсіз. Себебі оны пайдалану үшін қажетті құжаттарды даярлап, қаражат алу мерзімі тым ұзақ. Нарықтағы сұраныс жылдам өзгеріп отыратынын ескерсек, белгілі уақыттан кейін дәл сол жобаға керек болған қаражат қажетсіз болып жатады. Мысалы, Ақтауда планшет жасайтын өндіріс салу мәселесі көтерілді. Алайда оның өнімі нарыққа шыққанша, әлемдік алпауыттар («Apple», «Samsung») компания­лар одан да сапалы, әрі арзан бірнеше үлгісін (поколениясын) шығаратынын ешкім болжаған жоқ. Бұл сонда индустрияландыру бағдарламасына бөлінген қаражатты тиімсіз жұмсауға әкеліп соғады. Мейлі, даму институттары беретін қаражатты алдыңыз делік, бірақ оның үстеме пайызы (екінші деңгейлі банктердің үстеме пайы­зы 14 пайыздан жоғары, ал даму институттары – 7 пайыз) сіздің шетелдік бәсекелестеріңізбен (3-5%) салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Мұның салдарынан мемлекет қаржыландырған үлкен жобалар керексіз болып шығады немесе отандық кәсіпкерлер шетелдік компаниялармен бәсекелестікке төтеп бере алмайды.
– Сіз жеке кәсіпкер ретінде өз бизнесіңізді дамыту барысында қандай кедергілерге тап болдыңыз? Шағын және орта бизнестің бәсекеге қабілетін дамыту үшін қандай кемшін тұстар бар деп ойлайсыз?
– Тәжірибелік тұрғыдан айтсам, өзімнің кәсіпкерлік саламда қызмет көрсету мен құрылыс салаларын жүргізу барысында бірқатар кедергілерге тап болдым. Оны мысал ретінде айтып өтемін. Бірақ менің бір байқағаным, шағын және орта бизнесті дамыту ережелері заман талабына сай емес. Оны шетелдік тәжірибелерді салыстыру кезінде аңғардым. Ұлттық стандарттар, ережелер мен нормалар, әдістемелердің тиімсіздігі кәсіпті дамытуға бірқатар кедергілер тудырды. Мысалы, құрылыс саласындағы стандарттар бұрынғы кеңестік, не ресейлік нормаларға негізделген. Бұл мәселе Кеден одағы аясында қазақстандық кәсіпкерлердің мүмкіндіктерін қатты шектейді. Бірер жылда Дүниежүзілік сау­да ұйымына мүше болып кіру мәселесі де қарастырылуда. Алайда осы тұста мемлекеттің функция­сы қазақстандық кәсіпкерлерді қолдайтын ұлттық стандарттарды қорғау екені назардан тыс қалып отыр. Біздің ұлттық стандарттар орнына халықаралық стандарттар еніп жатыр. Жапонияны мысалға алсақ, олар халықаралық стандарттарға емес, өзінің ұлттық стандарттарын қолданады. Себебі ұлттық стандарт халықаралық стандарттан бір төбе жоғары. Егер Қытайдың, Еуропаның, Американың тауарлары ұлттық стандарттарға сай болмаса, олар жапон нарығына кіргізілмейді. Бұл өз алдына ішкі кәсіпкерлердің өте жоғары сапалы тауар, не өнім өндіріп және қызмет түрлерін барынша дамытуға ынталандырады. Біздегі даму институттары болжау барысында уақыт пен қаржыны межелейді. Мысалы, 2020 жылы болмаса, 2030, 2050 жылдарға бағытталған жоспарларда қанша қаржы игерілетіні айтылғанымен, қандай тауар мен қызметке сұраныс болатынына жоспар жасалмайды. Сол кездегі тауар мен қызмет түрлеріне қандай заң жүйесі мен стандарт керектігін алдын ала болжап бекітілмейді. Сондықтан қазіргі құрылыс, не өндіріс саласында болсын, қандай да бір жаңа ұтымды шешімдерің болса, оны қолданысқа енгізе алмайсың. Шын мәнісінде, 2020 жылдарға бағытталған даму бағдарламаларын қабылдамас бұрын, оларға қажет болатын заңдар мен стандарттарды болжап әрі оны мемлекет деңгейінде бекітіп алу керек. Қарапайым ғана мысал, тұрғын үйді үлескерлік қатысу әдісімен (долевое участие) салу үрдісі 2000 жылдардан басталды. Алайда құрылыс компаниялары мен жеке азаматтардың мүддесі мен міндеттерін анықтайтын заң жүйесін шығару мәселесі тек 2006 жылдан бастап қолға алынды. Әлі күнге дейін халық осы олқылықтың зардабын көруде. Ал оларды реттеуге мемлекет өз қазынасынан қыруар қаржы бөліп, мүмкіндігінше шешіп те келеді. Ең қызығы, небір алпауыт құрылыс компаниялар банкротқа ұшырап, кейбірі еріксіз алаяқ компанияларға айналып, мыңдаған адамдар жұмыссыз қалды.
– Сыртқы шетелдік ойыншылардан ұлттық нарықты қорғау тетіктерінің бірі ретінде ұлттық стандарт, ереже және норма жүйесі мен заңдардың қажеттігі жайлы айттыңыз. Сондағы ұлттық стандарт дегеніміз не?
– Стандарт дегеніміз – кез келген нәрсенің (өнімдер, туындылар, қызмет түрлері) көлемдік және сапалық көрсеткіштерін анықтайтын құрал әрі бағдаршам. Яғни экономиканы дамытудың озық үлгісі десе де болады. Қазақстанның да өзінің ұлттық стандарты болуы тиіс. Қазақстан экономикасының барлық бес саласының өзіне тән стандарттары мен регламенттері формалды түрде бар болып қана емес, отандық кәсіпкерлерді жоғарғы талаптарға сай және бәсекелестік қабілетін арттыруға септігін тигізу қажет. Бір ғана мысал, егер біз стандарттарды реттейтін болсақ, бізге шетелдік инвесторларды шақыру оңайға соғады. Сол себепті де ел экономикасына ұлттық стандарт қажет.
– Елбасы кеңейтілген Үкімет отырысында бизнес өкілдерін қолдау функциясынан гөрі бақылау функциясы басымырақ екенін айтты. Сіз осы пікірмен келісесіз бе? Расында кәсіпкерлерді бақылау олардың жұмысына кері әсерін тигізе ме?
– Иә, шынымен де кәсіп­керлерді қолдаудан гөрі бақылау функциясы басымырақ екені рас. Мұның бәрі заңдардың және регламенттердің кәсіпкерлікті дамытуға емес, оның жұмысын тоқтатып, не жойылуына әкеледі. Айталық, рұқсаттама құжаттардың дайындалу мерзімі шектелмеген, яғни тым ұзақ деп алайық. Мысалы, Алматыда, не Астанада бесқабатты үйдің құрылысын салу мерзімі 5-7 айдай уақыт алса, аталмыш нысанды салуға қажетті құжаттарды әзірлеуге, оны пайдалануға беру процедурасына одан екі есе уақыт кетеді. Нысанды жобалау барысында, оны салу және пайдалануға беру кезінде міндетті түрде өртке қарсы қызмет, экология басқармаларынан, СЭС-тен және инженерлік жүйелерге қосылуға қатысты құжаттарды алу процесі үш рет қайталанады. Нысанды беру кезінде жұмыс комиссиясы бір тексерсе, мемлекеттік комиссия тағы бір рет тексереді. Бұған жұмыс барысында авторлық және техникалық тексеру-бақылау процедурасы мен сәулет және қала құрылыс басқармасының тексеруін қосыңыз. Прокуратура, қаржы полициясы, салық органдары, есеп комитеті де өз алдына тексеріс-қадағалау жұмыстарын жүргізеді. Осы аталған мәселелер кәсіпкерлікті дамытуды ынталандырудан гөрі жұмысын тежеп, нарықтан шығып қалуына өз әсерін тигізеді.
– Ендеше, еліміздегі кәсіпкер­лікті дамытуға байланысты қандай ұсыныстарыңыз бар?
– Кез келген саланың универ­сал­ды сегіз қыры болады.
Бірін­шіден, заңнамалық база­мыз­ды заман талабына сай үнемі жетілдіріп отыру қажет. Оның ішінде 2020, 2030, 2050 бағдар­лама­лары аясында қандай заңдар қабыл­дану қажеттігі ескерілуі керек.
Екіншіден, рұқсат беру құжаттар-регламенттері, стандарттары және лицензиялау процедураларын барынша қарапайым, түсінікті ету керек. Яғни аяқталған құрылыс нысанын пайдалануға берудің регламенттерін 7 күнге шектесек және талаптар уақытында орындалмаған жағдайда осыған жауапты мекеме мен маман жауапкершілігін арттырып әрі оны күшейтіп отырсақ, мақсатқа жетеріміз анық. Мемлекеттік органдар кәсіпкерлерді өздерінің клиенттері ретінде қабылдауы тиіс. Яғни мемлекеттік органдарда бизнестік көзқарас қалыптастыру маңызды. Тексеріс барысында кәсіпкердің жұмысын тоқтатып, оның есепшотын жаппай, жұмыс істеуге қолайсыздық тудырмайтын тексерудің жаңа механизмдерін ұсынған абзал.
Үшіншіден, әр саладағы бизнес өкілдерін кәсіподақ жұмыстарына тығыз араластырып, заң қабылдау және регламенттерді енгізу кезінде бизнес өкілінің эксперттік пікірлерін назарға алу керек. Себебі олар осы саланың басы-қасында жүргендіктен, тиімді жұмыс көздерін аңдай алады. Алайда біздің кәсіпкерлік немесе құрылыс саласына қатысты заңдар, көп жағдайда кәсіпкерлікпен айналыспаған, бұл саланы түсінбейтін мамандар тарапынан даярланады.
Төртіншіден, кәсіпкерлікті дамытуға бөлінетін қаржыны нарыққа бейімдеп, оның өте тиімді механизмдерін жетілдіру қажет. Мысалы, даму институттары пайыздық мөлшерлеме қойғанда пайда табуды емес, кәсіпті дамытуды назарға алу керек.
Бесіншіден, жоспарлау барысында міндетті түрде, болашақта нарық сұранысына байланысты маркетингтік сараптаумен қоса керек заңнамалық актілер, регламенттер мен стандарттарды алдын ала енгізіп отыруды қарастырған жөн.
Алтыншыдан, осыншама кө­лемді жұмыстарды барынша тиімді ету үшін жоғары ақпараттық технологияларды енгізуді қолға алу қажет.
Жетіншіден, кәсіпкерлікті дамытуға байланысты дәстүр қалыптастыру керек.
Сегізіншіден, әр салаға қатыс­ты мамандарды және ғылыми зерт­теулерді нақты бизнес сұраныс­тарына қолданбалы ету. Мысалы, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын қабылдаған кезде, 2020 жылы нарық сұра­нысын қанағаттандыратын маман­дықтардың тізімін болжап әрі даяр­лау жоспарын жетілдіру керек. Себебі біз әлі күнге дейін 5-10 жылдан кейін сұранысқа ие болмайтын мамандар даярлаймыз.
Қорыта айтсақ, осындай 8 бағыттан тұратын кешенді методология ел экономикасын сала-салаға бөліп, оның осал және ұтымды тұстарын анықтайды. Бұл методология артықшылығымызды және ұтымды тұстарымызды одан әрмен жетілдіруге, сондай-ақ кемшіліктерімізді түзетуге қолайлы құрал болады. Қысқа мерзім ішінде ел экономикасын көш ілгері дамытуға мүмкіндік береді. Бұл дегеніңіз – мемлекетімізде қарқынды дамыған елдер қатарында жүруіне мүмкіндік береді деген сөз. Дамушы елдер экономикада туындайтын мәселелерді уақыт өте келе түзетеді. Яғни мәселенің себептерімен емес, салдарымен күреседі. Ал дамыған елдер оның алдын алуға осындай институционалды даму құралдарын пайдаланады. Менде – алдағы уақытта, біздің елімізде осындай кешенді методологияны қолға алады деген сенімдемін. Себебі мұндай методологиясыз бүгінде әлемдік тәжірибе көрсетіп жатқандай, саяси-экономикалық даму әсте мүмкін емес.
– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан
Ақбота ИСЛӘМБЕК 



Пікірді қалдыру



    Заполните все поля или авторизуйтесь
    Сіздің пікіріңіз қосылды және модератор тексергеннен кейін сайтқа шығады
    Аты: E-mail:

    Соңғы жаңалықтар

    Ең көп қаралғандар