2010 жылдың 24 қарашасынан
бастап іске қосылды
Жаңалықтар
  • Жаңалықтар
  • Аймақтық БАҚ
  • Блогтар
  • Iздеу
  • Өнер
29 Маусым 2012, 10:08   2261    0 Өнер

Қазақ ақындары түрікті тебірентті

Түркияда түркі халықтары жазба ақындарының дәстүрлі ХХ «Хазар жыр кештері» мүшәйрасы өтті. Бұл шараға Жазушылар одағының мүшесі, ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы мен жас ақын Тоқтарәлі Таңжарық қатысып қайтты.

 

Осымен жиырмасыншы рет өткі­зіліп жатқан бұл шара Елазық аймағының әкімі Муаммер Ерол мен Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуб Делиомероғлының тікелей қолғабыс етуімен іске асқан. Сонау 1992 жылдан бері өтіп келе жатқан жыр кешінің жыл сайын Елазық өңіріндегі Хазар көлінің маңында өтуінің өзіндік сыры бар көрінеді.
1933 жылы Мұстафа Кемал Ататүрік табиғаты көрген көздің жауын алатын Елазық аймағына демалысқа келеді. Сонда бұл өңірдегі мөлдір көлді көріп, оны ар жағы мен бер жағын түркі жұрты мекен еткен Хазар (Каспий) теңізіне ұқсатқан екен. Содан бері түрік халқы бұл көлді Хазар атап кет­кен. «Көп түрік енші алысып тарасса» да, жыл сайын Ататүрік атын қойған қасиетті көлдің жағасында ер түріктің ұрпағы бас қосып, тілдесіп қайтуды әдетке айналдырған.
Бұл мүшәйраның тақырыбы жыл сайын өзгеріп отырады. Осыған дейін Әлішер Науаи, Руми, Махмұд Қашқари, Қожа Ахмет Йассауи сынды түркі әдебиетінің ірі тұлғаларын насихаттап келсе, ал биылғы шара түріктің таны­мал ақыны Юнус Әмреге арналыпты.
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, Жазушылар одағының мүшесі, ақын:
- Бұл - Еуразия Жазушылар одағы жиырмасыншы рет ұйымдастырып отырған жыр кеші. Жалпы, осы тектес жыр фестивалін Түркия Жазушылар одағы да екі жыл сайын ұйымдастырып тұрады. Осындай жыр мүшәйраларына Мұхтар Шаханов, Бауыржан Жақып, Болат Шарахымбай, Төреғали Тәше­нов, Жарас Сәрсек, Танакөз Толқын­қызы, Маржан Ершу сынды талай ақындарымыз барған. Ал осы жылғы шараға 8 елден 35 ақын қатысты. Төрт күнге созылған бұл шара бұқаралық ақпарат құралдарының назарынан тыс қалмады. Түркі елдерінің өкілдері Юнус Әмренің өмірі мен шығармашы­лығына қанықты.
Ал ақындар шеруіне келген халықта есеп болмады. Тұтас қала ақын болып өлең оқып, теңселіп тұрғандай әсер қалдырды. Бір ерекшелігі, айдап, сүй­реп әкеліп жатқан ешкім жоқ. Түркия жұртшылығы ақындардың жүрегінен шыққан сөзін сілтідей тынып, жүрекпен тыңдады. Ондағы халықтың қошеметін көрген біз қатты әсерлендік. Поэзия осылайша көкке шарықтады. Бұл шара өз кезегінде түркі халықтарының сырласу мінберіне айналып кетті. Ұйымдастырылуы жоғары деңгейде. Ондағылар болашақта жыр мүшәй­расын қазақтың данышпаны Абайға және Мұхтар Шахановқа да арнауды жоспарлап отырғандарын жеткізді.
Бұл жиынның басты мақсаты - түркі халықтарының рухын асқақта­тып, бірлігін нығайту. Сондай-ақ ең бастысы, әдебиеттің маңызын артты­ру. Жиын барысында барлық ақын­дар бірдей марапатталды. Бірақ бұл кештің мара­патынан гөрі жүрегімізде қалдырған ізі терең.
Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ, ақын:
- Біз өз елімізде ғимараттардың маңдайшаларынан Абайдың қара сөздері мен өлең шумақтарын көп кездестіреміз. Дәл сол секілді Түркия мекемелерінің маңдайшаларынан да Руми мен Юнус Әмренің орамды ойларын жиі көре аласыз. Түрік хал­қының белгілі ақыны Юнус Әмрені өкінішке қарай, қазақ жұрты көп тани бермейді. Сондықтан оның тұлғасы бізге бейтаныстау болды. Бірақ жиын барысында оның өмірімен, шығарма­шылығымен жақынырақ танысып қайттық. Негізі, ол кісінің еңбектері ке­зін­де орысшадан қазақшаға ау­дарылған екен. Ал енді оны түрік тілінен тікелей аудару қажеттігі туын­дап отыр. Болашақта Юнус Әмренің өлеңдерін қазақ тілінде де оқи аламыз деген сенім бар.
Бұл жиынға Елазықта оқитын қазақ студенттері де қатысты. Біздің келгені­мізді естіп, аудармада қиналып қал­масын деп, арнайы көмек қолын соза келген екен. Жалпы, өткізіліп жүрген бұл шараның маңызы зор. Тарих - өт­кеннің шежіресі. Дәл сол секілді әде­биет те - еліміздің рухани шежі­ресі. Неге десеңіз, кейде тарихта ізі қал­­маған деректерді жыр шайыр­ларының дастандарынан тауып жатамыз. Сон­дықтан да әдебиетті ұлттың тілі мен ділін тірілтетін рухани күш деп айтар едім. Біз қазіргі күні орыс ақындарының барлығын білеміз. Олардың жарна­масы қазақ ақында­рынан да асып кетеді. Мысалы, Пуш­кин мен Есенинді қазақ ешқашан жатсынбайды. Олар әлі күнге дейін аударылып, дәріптеліп жүр. Ал Юнус Әмренің еңбектерімен бұрын-соңды танысып көрген емес. Шыны керек, біз мына тұрған Қыр­ғызстанда қандай жас ақын бар екенін білмейміз. Осы жолы Алтынбек Смайылов деген қырғыздың ақынымен таныстық. Оның өлеңінен дәстүрлі қырғыз поэзиясы­ның лебі сезіледі. Түркі дүниесін тану үшін әдеби-мәдени байланыстың болуы шарт. Бұл шара түркі елдерінің арасындағы ынтымақ­тастықты нығай­та түседі.

Сабина ЗӘКІРЖАНҚЫЗЫ



Айқын

Пікірді қалдыру



    Заполните все поля или авторизуйтесь
    Сіздің пікіріңіз қосылды және модератор тексергеннен кейін сайтқа шығады
    Аты: E-mail:

    Соңғы жаңалықтар