2010 жылдың 24 қарашасынан
бастап іске қосылды
Жаңалықтар
  • Жаңалықтар
  • Аймақтық БАҚ
  • Блогтар
  • Iздеу
  • Сұхбат
19 Қазан 2011, 12:14   2532    0 Сұхбат

Әселхан ҚАЛЫБЕКОВА, Қазақстанның халық ақыны, «Парасат» орденінің иегері: АҚҚА АРА ТҮСУ – БІРЛІКТІҢ, ЕЛДІКТІҢ БЕЛГІСІ

— Әселхан апа, Сіз айтыс өнерінің ыстығына күйіп, суығына тоңып, сол ұлттық болмысымызбен бітеқайнасқан төл өнеріміздің қайта жандануына көп үлес қосқан азамат-ақынсыз. Бұл күндері өзіңіз сахнадан көрінбей кеткеніңізбен айтыс өнерінің даму барысын қарап, бақылап отыратын шығарсыз?
— Әрине, айтыс мен үшін де, менің айтыстағы әріптес құрдастарым үшін де өте ыстық. Себебі біздер айтыстың жандануы үшін жанымызды салып еңбек еттік, тер төктік. Манап, Көпбай сынды алдыңғы буын ағалармен  қатар жүріп, солардан үйренгенімізді, алғанымызды кейінгі буын інілерге, сіңлілерге жалғадық. Енді біздерден алған аманатты кейінгіге сау-саламат жеткізу бүгінгі айтыскерлерге міндет. Біз айтысқа адал болдық. Ата-бабадан жеткен аманат-өнерге қиянат жасамадық. Біз айтысқа қанша адал болсақ, айтыс та бізге сонша адал болды. Біздің атымызды шығарып, абыройымызды асқақтатты. Халыққа, елге құрметті етті. Мен өзім ойлаймын, менің айтысқа бергенімнен гөрі айтыстың маған бергені көп болды деп. Әрине, бұл Құдайдың бергені ғой. Құдайдың бергенін көпсінуге де болмайды. Бұл көпсінгенім емес, еңбегімнің еселеніп қайтқанына шүкіршілігім.
Айтыстың бәрін көріп, қадағалап отырамын деп айта алмаймын. Бірақ мүмкіндігімше көруге тырысамын. Жетістігіне сүйінем, кемшілігіне күйінем.
— Ал айтыстың бүгінгі деңгейіне көңіліңіз толады ма?
— Қазір айтыс көп, бір себептен содан да болар, беделі түсіп кетті. Өзі не нәрсе көп болса, соның қадірі кете бастайды ғой. «Егер түннің бәрі Қадір түні болса, Қадір түнінде қадір қалмас еді», дейді Сағди. Жалпы Құдайдың Өзінің бұйрығына сәйкес Ұлықтығы шексіз Ұлық Алланы мақтап, пәктеп, зікір етуді ғана өте көп айту керек. Қалған нәрсенің бәрінің де өлшемі, шегі болуы қажет деп білемін.  Екіншіден, «Ақша жүрген жерде албасты жүредi» деген сөз бар. Менiңше, айтыс қазiр соның кебiн киiп жүр. «Айтыстың мән-мағынасы қай кезден бастап кете бастады?» деп көп ойланамын.  Сөйтсем, ол тура жеңiмпаздар мен жүлдегерлерге дүние беруден басталыпты. Мұным «ақындарға түк бермеу керек» деген сөз емес. Бiздiң ақындар айтысқа бәрiн алдын-ала есептеп баратын сияқты. «Финалға дейiн мыналарды айтсам, финалда мынаны айтамын» деп, 20 минуттан аспайтын айтыс үшiн сөздерiн есептеп алады. Бәрiнiң де бiреуге бiрдеңе деп жауап қайтара алатындай шамасы бар, арасында соны пайдаланады. Содан кейiн «пәлен уақыт дайындалып едiк, түк алмадық» дейтiн немқұрайдылық та басымдау сияқты. Бiзде ондай болған жоқ. Жүрсiн қанаты бар домбыраның суретi басылған Алғыс хатты дайындап қояды, соның 1-шi дәрежелi дипломын алсақ мәз болып қайтамыз. Одан өзге ештеңе берiлмейтiн. Есесіне ақындардың ынтымақ-бірлігі мықты болатын. Бір-біріне болысып, бір ақын жақсы сөз тауып айтса, соны өзіміз айтқандай болып қуанушы едік. Әсия, Қонысбай, Әбдікерім, Есенқұл, т.б. ақындармен сол риясыз достық арамызда әлі сақталған. Ал қазіргі ақындардың арасынан мұндайды байқай бермейсіз. Қазіргі ақындардың бірліктерін кетіріп отырған бәйгеге тігілген автокөліктер мен дүние. Осы қу дүние тіпті кейбір айтыскерлерді ұлт руханиятының дұшпанына айналдырған сыңайлы.
— Ұлт руханиятының дұшпаны дегеніңіз ұлттың дұшпаны емес пе? Ойыңызды таратыңқырап айтып берсеңіз.
— Әрине, солай, балам. Қазір айтысты шоуға айналып кетті дейтіндер де көп. Бірақ оның шоуға айналғандығы емес, жат, улы діни ағымның сойылы болып, қазаққа, мемлекеттілігімізге қарсы сілтенетін қаруға айналғандығы қауіпті болып тұр. Жақында мерзімдік басылымдардан түркістандық ақсақалдардың Елбасыға жазған ашық хатын оқыдым. Оқыдым да шошыдым, жаным түршікті, жүрегім ауырды. Бұл жаны бар адамның жанын түршіктіретін, жүрегі бар адамның жүрегін ауыртатын жағдай еді. Жас ақындардың Түркістанды «шірікстан» деп қорлауы, «Қалаңның қасиеті бар дейді ғой, бедеуді жіберетін декретке» деп мазақ етуі, т.б. ұлттық руханиятқа қарсы айтқан сөздері, бұл — шектен шыққандық. Бұрын-соңды қазақ тарихында мұндай масқара болмаған. Қазақ емес, қазақтың жауы да бұлай айтпаған. Кешегі «Құдай жоқ» деп жетпіс жыл сарнаған атеистік қоғам, кеңес өкіметі де Түркістанды бұлай қорлаған жоқ. Қасиетті қаламыздың атына да затына да тиіспей, сол қалпында сақтады. Түркістанды Түркістан етіп тұрған Ұлы бабамыз Қожа Ахмет Ясауидің кесенесіне қыруар қаржы бөліп, жөндеу жұмыстарын жүргізді. Тәуелсіз Қазақстанға аман-есен табыс етті. Қанша «кәпір» болсада, қасиетті Ердің, қасиетті Жердің  қасиетін олар да мойындады. Ал енді тәуелсіз ел болдық, ата-баба жолымен жүріп, жоғалтқанымызды табармыз, өшкенімізді жағармыз деп жүргенде іштен шыққан шұбар жыландардың айтып, істеп жүргендері мынау. Ең өкініштісі осы шұбар жыландардың зымиян әрекеттеріне мән беріп, қарап жатқандар шамалы. 
Елбасыға ашық хат жазған ақсақалдардың «біздегі қазіргі жағдайдың қауіптілігі сонда – уаххабилік бағыт насихаттың қарқынды, өте ықпалды және ашық түріне қол жеткізгендігі. Олар ұлттық айтыс өнерімізді өздерінің идеологиялық құралына айналдырып алды деуге толық негіз бар. Өйткені, олар бұл мақсатқа айтыс ақындарына демеушілік жасап, қажылыққа апару арқылы қол жеткізіп отыр. Жалғыз ақындар ғана емес, қаншама өнер адамдары, ғылым-білім, спорт, мемлекеттік қызмет, БАҚ, т.б. сала өкілдері қажылыққа тегін барып келеміз деп, тегін сатып, уаххабилердің шылауына ілікті» деген сөзіне толық қосыламын. Сондай-ақ түркістандық ел ағалары «араптарды періштедей пәк, қазақтарды кәпірден бетер күнаһар» деп сарнаған ақындар айтысы, оның ұйымдастырушылары жайлы Елбасыға жазған ашық хатында тағы былай дейді: «Үстіміздегі жылдың 11 наурызы күні Түркістанға келген сапарыңызда «Біздің өз жолымыз бар, ол – Ясауи жолы», – деп, тағы да шегелеп айттыңыз. Сіздің бұл сөзіңізге ақылы сау, ниеті түзу қазақтың қуанбағаны жоқ. Ал, ниеті бұзықтардың араға ай салып, ерегіскендей бір мезгілде 55 ақынды (бұған дейін қаншасын улағанын бір Құдай біледі) қажылыққа апарып, санасын әбден улап әкеліп, дүйім жұрттың алдында Сіздің сөзіңізді, тіпті Сіздің сөзіңізді ғана емес,  «Мәдинада – Мұхаммет, Түркістанда – Қожа Ахмет, ...» деп 900 жылдан бері танбай келе жатқан данышпан ата-бабаларымыздың, тұтас халқымыздың сөзін мансұқтап, мазақ етуі – бұл қасірет. Бұл – таяп келе жатқан өте үлкен қауіптің анық көрінісі». Енді бұдан артық не айтуға болады.
Біздің кезімізде айтыс қылышынан қаны тамған коммунистік жүйенің қаталдығына қарамастан ұлтың жоқшысы, жақсылықтың жаршысы, халқымыздың рухани азығы болып еді. Сөйткен асыл өнердің тәуелсіз Қазақстан тұсында қазақты жер бетінен жойғысы келетін зұлым күштердің қазаққа қарсы жұмсайтын қаруына айналғандығы өкінішті. Соған ішім удай ашиды.
— Апа, осындай жағдайда не істеу керек деп ойлайсыз?
— Бірінші кезекте бұл мәселеге мемлекеттің қауіпсіздігі тұрғысынан жіті мән берілуі қажет деп білемін. Екінші, дін тақырыбында айтыс өткізгенді доғарған жөн. Өйткені дін өте терең де нәзік нәрсе. Айтыс ақындарының суырып салып айта беретін мәселесі емес. Үшінші, демеушілікпен қажылыққа адам апарғанды тоқтату керек. Әсіресе жастарды. Діннен хабары жоқ жастар қажылыққа барса уаххабизммен уланатыны анық. Тіпті оң-солын таныған ақсақал, қарасақалдардың өздері қажылыққа барып, ауыздары қисайып келіп жатқандығын есітіп те, көріп те жүрміз. Осыны білетін зымиян, зұлым күштер арнайы ақша бөліп, мезгіл таңдамай, жыл он екі ай қазақты қажылыққа тоғытып жатыр. «Бұл неғылған батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық» деп бұған сақтықпен қарап жатқан адам аз. Бәрі тегін қажы болдық деп мәз. Елге келіп, қажымыз деп көкірек керіп, улы уағызын жаяды. Әлгі «дінді уағыздаған» айтыс ақындарының ішінде мектептің оқушысы да бар екен. «Саяз жүзер сайқалдар ғапыл қалар, Хақиқат та, дін-дағы тереңінде» дейді ғой Абай атамыз. Ал  қазіргі жас айтыскерлер бесіктен белі шықпай жатып дінді қалай терең меңгере қойды дейсің. Көбі жайып отырғаны дін емес, бөтен елдің улы саясаты екенінде білмейді де.
2007 жылы мен өзім де қажылыққа барып келдім. Сонда да көрдім, қажылыққа барғандарды қалай улайтындығын. Ер адамдарды күніге кешке жинап алып уағыз айтады. Сол улы уағыздарына қатысқан, бізбен бірге барған бір ақсақал екі күннен кейін-ақ «біздің Арыстан баб, Ясауи деп жүргеніміз бекер екен ғой, зиярат жасауға болмайды екен, шірік болады дейді» деп әңгіме айтып отыр. — Өмір бойы Арыстанбабтың іргесінде тұрып, ата-бабамыздың істеген ісін, жүрген жолын көріп, біліп отырып, қайдағы бір көлденең көк аттының айтқан сандырағына  елтитіндей сізге не көрінді, — деп бетін қайтарып тастауыма тура келді. Мен жоқ жерде айтып жүрмесе, қайтып ондай әңгімесін естіген емеспін.
«Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй Ол Алланы жаннан тәтті» деп Абай атамыз айтқандай, қасиетті жерге қажылыққа барған соң Мүбәрәк Пайғамбарымыздың табанының ізі қалған қасиетті жердің, Хақ діннің тарихы жайлы айтып, құлдың Құдайға деген, Пайғамбарымызға деген махаббатын оятып, адамдардың, елдің арасындағы ынтымақ, бірлікке негіз болатын әңгімелерді сөз етсе жараспайды ма? Жоқ бәрі керісінше. Елдің бірлігін бұзатын, ата-бабаларының жолын, өсиетін тәрк етеуге үйрететін сайтани әңгімелер. Аңқау қазақты қойдай тоғытып алып барып, сол салафит, уаххабиттердің алдына салып беріп, олардың сөзін қазақшаға аударып, түсіндіріп отырған да өзіміздің қазақтар. Осылай аз ғана күннің ішінде қазақтың қаракөз баласы қажылықтан өз ұлтының жауы болып оралады. Кешегі құдайсыз қоғамның тұсында да қазақ әруаққа, әулиеге тіл тигізбеген, қарсы шықпаған. Енді егемен ел болдық, дінімізге еркіндік берілді деген аз ғана жылдың ішінде қазақтың қанша ұл-қызы аруақты таптап, әулиені аттап шыға келді. Осылайша араптың, түріктің «мұсылмандық достығы» орыстың, «кәпір-коммунистердің» жаулығынан бетер болып шықты. «Мұнафық кәпірден жаман» деп айтқан Мүбәрәк Пайғамбар хадисінің ақиқатына тағы да көз жеткіздік.
— Әселхан апа, Елбасымызға жазылған ашық хаттарға қол қойған зиялы қауым өкілдері арасынан өзіңіздің де аты-жөніңізді көріп едік…
— Иә, біз де Елбасымызға бірнеше рет хат жаздық. Оның қаншасы Нұрекеңе жетіп, қаншасы жетпей қалғанын мен білмеймін. Соңғы екі хатымызды ашық хат түрінде баспасөзге жариялаттық. Біз ол хаттарымыздың бәрінде Елбасымыздан қазір жала жабылып, жазықсыз жапа шегіп, қамауда отырған Исматулла мақсым Әбдіғаппар ағамызға араша сұрадық. Себебі, біз ол кісінің өзі де, ісі де ақ екендігін жақсы білеміз. Ал, аққа ара түсу – бірліктің, елдіктің белгісі.
Білмейтіндер болса мен айтайын мақсымның кім екенін. Исматулла мақсым Абай атамыз айтқандай «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп, жарғақ құлағы жастыққа тимей бар ғұмырын халқы үшін, қазағы үшін сарп етіп, күндіз-түні Құдайдан жылап-еңіреп Елінің, Елбасының амандығын, абройын тілеп келе жатқан аузы дуалы, ақжүрек абыз, көкірек көзі ашылған Құдайдың досы, яғни әулие кісі. Сенбейтін уаххабиттер, т.б. не десе о десін, менің онда шаруам жоқ. Ол бақытсыз бейшараларды Құдай есіркесін, түсінік беріп, тура жолына салсын. Ал, мен сөзімді кеудесінде иненің жасуындай болса да иманы бар, қазаққа жаны ашитын, ел ертеңіне елеңдейтін, алаңдайтын арлы азаматтарға арнап айтып отырмын.
Мақсым ағамыз қазақтың әр бірін өзінің туған қарындас-бауырындай сүйіп, жан-жүрегі елжіреп тұратын өте мейірімді жан. Ешкімге, тіпті өзінің туғанына, әке-шешесіне керек болмай қалған нашақор, алқаштарды да «қарындасым, бауырым» деп, емдеп, адам қатарына қосып жүргені де сол мейірімділігінен. Сол үшін өзіне қара күйе жағылып, жала жабылып, қанша қиындық көріп жатса да, көз алдында құрдымға кетіп бара жатқан қаракөздерге деген жанашырлығы, мейірімі бәрін басып кете береді. Оның үстіне «сонғы үмітіміз сізде» деп жылап-еңіреп келеп отырған шарасыз ата-ананың көз жасын көріп, жүрегі ауырады. Осылайша мақсымның алдынан жүздеген нашақор мен алқаш, т.б. рухани дертке шалдыққан қазақтың ұл-қыздары өтті. Нәтижесі адам таңғаларлық. «Тез түбінде қисық ағаш жатпайды» дейді ғой халқымыз. Мақсымның тезінен өткендер түгелге жуық түзеліп, адам танымастай өзгеріп, отбасына ғана емес, елімізге аса қажетті арлы азамат болып шығады. Бұл керемет емес пе? Нашақор, алқаш, құмарпаз, ұры-қары, жүргіншілер отбасына, қоғамға пайдасыз, керексіз ғана емес, тіпті өте зиянды, қауіпті жанға айналады. Солардың себебінен шет-шегі жоқ қылмыстар туындап жатады. Бұлардың өздерін айтпағанда осылардың кесірінен қанша адам қазаға ұшырап, қаншасы қайғыдан қан жұтады. Қаншама үйдің шаңырағы ортасына түсіп, бейкүнә сәбилер тірі жетім атанады, т.б. Олармен күресеміз деп үкімет миллиардтаған қаржы қарыштайды. Осылайша отбасын, мемлекетті қыруар моральдік, материалдық шығынға ұшырадаты.  Ал, осындай отбасына да, қағамға да керексіз ғана емес, өте зиянды, қауіпті, хайуаннан бетер мақұлыққа айналған жанды анасынан жаңа туғандай етіп тәрбиелеп шығару, Елдің, Елбасының тілеуін тілейтін, сөйтіп елдің көркеюіне қызмет ететін, рухани және материалдық тұрғыдан отбасына да, қоғамға да керекті, пайдалы азаматқа айналдыру – нағыз керемет қой. Бұдан артық қандай керемет болуы мүмкін? Осының өзі-ақ Исматулла мақсымның кереметті әулие екендігіне дәлел емес пе?  Осы бір ісі үшін-ақ мақсымды бүкіл ел болып қолдап, қуаттауға, ол кісінің жұмысының кедергісіз жүруі үшін қолдан келген барлық жағдайды жасауға тиісті емеспіз бе? Ал, мақсым ағамыз еліміз үшін бұдан да зор, бұдан да маңызды көптеген жұмыстарды атқарды. Бірақ мен әулиемін, үйтіп жатырмын, бүйтіп жатырмын деген сөзін естіген емеспіз. Қайта қашан көрсең де «Бәрі Ұлықтығы шексіз құл сүйгіш Алла тағаланың жәрдемі, қазаққа берген несібесі, Мүбәрәк Пайғамбарымыздың, әулие ата-бабаларымыздың, Пайғамбарымыздан Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Ясауи арқылы бізге жеткен Хақ діннің шарапаты. Мен Құдайдың бір қара бет құлы, қотыр итімін ғой, менде тұрған не бар дейсіңдер» деп отырады. Міне, «Ұлық болсаң кішік бол» деген осы. Ел үшін, дін үшін мақсымдай еңбек ете алмай-ақ қойсын, қарапайымдылықтың асқан үлгісін көрсетіп, «Мен Құдайдың бір қара бет құлы, қотыр итімін ғой» деп отырған кім бар? Кім? Жоқ. Ондай адамды күндіз қолыңа шам алып іздесеңде таппайсың. Ал Исматулла мақсымның еткен еңбегінің мыңнан бірін де істей алмай, қайта елімізге, руханиятымызға, дінімізге орасан зор залалын тигізіп жүрсе де өздерін дін қайраткері, ғұлама санап, жарнамалап, жұртты шатастырып, адастырып жүрген жұмыр басты пенделер толып жатыр.
Осы арада айта кететін жайт, Елбасымыз айтқан дәстүрлі жолымыз Ясауи ілімін насихаттау бағытында Қоғамдық кеңес құрдық. Алдағы уақытта мемлекеттік құрылымдарға мәдени, рухани сала бойынша көмегімізді тигізсек дейміз. Әйтеуір ұлттығымызды сақтау үшін өз тарапымыздан әрекет етіп жатырмыз. Қоғамдық кеңестің ұсыныс-талаптарының ішінде Ясауи жолының қазіргі кездегі бірден бір өкілі Исматулла мақсымды азаттыққа шығару мәселесі де енді.
— Апа, Исматулла мақсымды қай жылдан бері білесіз және ол кісінің насихаттап жүрген жолының дұрыстығына қалай көз жеткіздіңіз?
— Алғаш «Егемен Қазақстанда» Шерхан ағамыз бастап, сосын «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті», т.б. ақпарат құралдарында мақсым туралы жағымды біраз материалдар жарияланды. Сол жарияланымдар арқылы мен мақсымды тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап сырттай білемін. Ал ол кісіні алғаш 2002 жылы жүзбе-жүз көріп, танысып-білісіп, сөйлестім. Содан бері бірнеше рет жолығып, әңгімесін тыңдап, көкейдегі сұрақтарымды қойып, жауап алып жүрген жайым бар. Бірақ әлі бір ақылға қонымсыз, ұлттық жандүниемізге жат сөзін естіген емеспін. Сұрағыңа толығырақ жауап беру үшін мен осы жерде кішкене шегініс жасағанды жөн көріп отырмын. Ондағы айтпағым мынау: Мен Пайғамбарымыздың ұрпақтары – қожалар көп тұратын ауылда туып, өстім. Ол ауыл жұрт аузында әлі күнге дейін «Қожа ауыл» деп аталады. Аулымызда ілімдар қожа молдалар аз емес еді. Оның үстіне марқұм анам да, әкем де қаражаяу емес болатын.      Әсіресе, анам дін, қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ырым-тиымдарына өте жетік еді. Әйел заты болса да әлгі қожа-молдалардың өздері Тұреке деп сыйлап, пікірімен санасатын. Жастайымыздан шежіре сол кісілердің ауызынан талай шырын әңгімелерді, діни хикая, қисса-дастандарды естідік. Құдай кеудемізге өнер бітіргесін өзіміз де хат танығаннан-ақ сол қисса-дастандарды оқуға құмартып, жастанып оқып, жаттап өстік. Осылай алған тәрбие, оқыған-тоқыған рухани дүниелердің себебінен болар, адамгершілік, әділдік, имандылық, дін мәселесі менің шығармашылығымның да, өмірімнің де күн тәртібінен түскен емес. Мақсымға жолықпай тұрып-ақ құлшылыққа бет түзеп, бес уақыт намазым мен отыз күн оразамды қаза қылмай жүрген жайым бар-тын. Және өткен ғасырдың соңында-ақ шет ел асып, дін үйреніп келгендер мен солардан сабақ алған жас-жасамыстардың ауызынан «анау болмайды, мынау болмайды», «ширк» деген сөздерді есітіп, көңіліміз күпті болып, «бұл қалай?» деп алаңдап жүрген болатынбыз. Ал Исматулла мақсымға алғаш жолыққанда-ақ мен өзіміз ұстанып жүрген, өз бойымызда бар, жан-дүниемізбен біте қайнасып, ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлі дініміздің, салт-дәстүріміздің дұрыс екендігіне және мақсымның айтып, насихаттап жүргені де сол өзіміздің сан ғасырлық дәстүрлі дініміз екендігіне көз жеткіздім. Ол кісімен әр кездесіп, әңгімесін тыңдаған сайын бұрын есітіп, білсек те байыбына барып, терең түсіне бермейтін мәселелерді тереңірек түсініп, сырына қаныға түстім… 
—    Ал зікір ғибадатын бұрын көріп пе едіңіз?
—  Исматулла мақсымға жолықпай тұрып жария зікірді көргенмін деп айта алмаймын. Бірақ Құдайды дауыстап мақтап, еске алатын зікір туралы көнекөз қарттардан естігенмін. Солардың бірі, бертінге дейін ауылымыздың имамы болған Бейсенбек қажы Асанов деген кісі айтып жүретін «зікір деген нәрсе болады, бұрын салғанбыз, соны жаңғыртуымыз керек» деп. Ол кезде дінге еркіндік берілгенімен әлі тәуелсіздікке қол жетпеген болатын. Ал мен жария зікірді алғаш 2002 жылы көрдім. Сол көргенімді Бейсенбек қажыға айтқанымда ол «менің де айтып жүргенім сол зікір» деп, бұрын зікірді қалай салғанын айтып берді. Ол: «Шырағым, зікір бұрыннан бар, бірақ кеңес өкіметінің қысымымен тоқтап қалған болатын. 1942 жылдары кеңес әскері неміс фашистерінен жеңіліп келе жатқан кезде Сталиннің өзі «Әр ұлт өзінің дініне, Құдайына сыйынып, бізге жеңіс беруін сұрасын» деп тапсырма берген. Сонда біздің аталарымыз қуанып, Түркістаннан, Отырардан молдалар жиналатын еді. Бәріміз отырып оң шекемізді кеудемізге, жүрегімізге ұрып, зікір салатынбыз. Таң атқанша зікір салып, бата қылып жылап, Құдайдан сұрайтын едік. «Я Құдай, азаматтарымызды аман қыл, бізге жеңіс бер», деп дұға қылатынбыз. Әкем Арыстанбабта шырақшы болатын. Сол зікірді 1948-ші жылға дейін салдық. Кейін зікірге қайтып тиым салынды» деді Бейсекең.  Осындай сөзді басқа да кісілерден естідім. Жұпан апа деген ақын апамыз бар еді. Осыдан 5-6 жыл бұрын 100-ге келіп қайтыс болды. Ол кісі де соғысқа кеткен күйеуінің тілеуін тілеп, Арыстанбабқа барып бірнеше рет түнеген кезінде зікірді көргенін айтты. Біраз сөздерін де жаттап алған екен. Бүгінгі біз айтып жүрген зікірмен бірдей. «Зікір – шайтанның тоқпағы» деп айтатын сол кезде зікір салатындар» дейді Жұпан апа. Кейіннен газеттер шуылдап, Исматулла мақсымды, зікірді жамандап жатты. Сол кезде Бейсенбек қажы Исматулла мақсымды арнайы іздеп барып, жолығып, сөйлесіп, зікірге қатысып қайтқандығын айтты. «Біздің бұрын салған зікіріміз тап осы зікір, еш айырмасы жоқ. Сондықтан айтылып жатқан түрлі-түрлі өсек, өтірікке сенбеңдер, осы зікірден айырылмаңдар», деді Бейсенбек қажы.
Бұрын зікірді көзімен көрген мен білетін тағы бір кісі бар, ол – Жаңыл апа. Қазір ол кісінің де жасы 100-ге келіп қалды. Арыстанбабтың жанына жерленген Лашынбаб, Қарғабабтармен қатар Шерімбет әздер деген кісі жатыр. Ол кісіні «заманында жария зікір жүргізуге арнайы ұрықсатпен Түркістаннан келген» дейді зертеуші ғалымдар. Жаңыл апа сол Шерімбет әздердің ұрпағы Мамасадықтың әйелі. Қолында Қожа Ахмет Ясауидің мөрі әлі күнге дейін сақтаулы. Сол Жаңыл апа да Исматулла мақсымның ілімі де, жолы да, жаңғыртып жатқан зікірі де сол баяғы ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлі дініміз екендігін жүз пайыз растап беріп отыр. 2009 жылы «Ясауи» тобы Шәуілдірге келіп, концерт берді. Ертесіне Арыстанбабқа зияратқа бірге бардық. Сол жерде зікір салып, жүрегіміз жұмсап, көзімізге жас алып шығып келе жатқанымызда алдымыздан Жаңыл апамыз шығып қалды. Апа «Ясауи» тобының жігіттерін көрген бойда «айналайындар-ай, кеше концерттеріңе бара алмай қалып, сендерді көре алмай қалдым ғой деп едім, алдымнан шықтыңдар ғой, сендермен жолықтырған Құдайға мың-сан шүкір. Сендердің жолдарың ақ. Біздің аталарымыз да сендер сияқты зікір салып, жылай беретін еді. Ол кезде баламыз, көп нәрсенің байыбына бара бермейміз, бұлар неге жылай береді деуші едік. Кейін білдік қой, Құдай деген адамның көзінде жас болатындығын. Сендердің көз жастарың босқа кетпейді, Құдай тілеулеріңді береді» деп сол жерде ағынан жарылып, ақ батасын берді.
— Жаңа бір сөзіңізде «Мақсым ағамыз еліміз үшін бұдан да зор, бұдан да маңызды көптеген жұмыстарды атқарды» деп қалдыңыз…
— Ол рас. Алайда Исматулла мақсымның елі үшін атқарған ұшан теңіз еңбегінің барлығын бір сұқбаттың ішінде жіпке тізгендей етіп баяндап шығу мүмкін емес және оның қажеті де жоқ қой деп ойлаймын. Алайда ол кісінің айтпай кетуге болмайтын басты еңбегі – еліміздегі тыныштықтың сақталуына қосқан орасан зор үлесі деп білемін. «Біздің басты байлығымыз да, бақытымыз да және сол бақытымызды сақтайтын қорғанымыз да еліміздің тыныштығы» екендігін Құранның аяты, Пайғамбардың хадисі, әулие-данышпан аталарымыздың сыр сөздері арқылы жан-жақты ашып түсіндіріп, санамызға сіңірген, ел тыныштығын сақтаудың, тыныштық дұшпандарынан сақтанудың жолдарын көрсеткен және өзі де сол жолда жан аямай еңбек еткен осы Исматулла мақсым ағамыз. Қазір бүкіл мұсылман әлемін жұлынға түскен жегі құрттай тұралатып тастаған уаххабизм індеті біздің елімізге де үлкен қауіп төндіріп тұр. Ал осы қауіптің төнерін ерте сезген санасы сергек, көкірегі ояу мақсым ағамыз «Бәле келмей тұрып қорық...», «Ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол ізде» деген аталарымыздың даналық сөздерін алға тарта отырып, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ дабыл қағып, сол елімізді жоқ қылмаққа төніп келе жатқан алапат рухани індетке қарсы күресті. Өздеріңіз білесіздер, қандай бір мемлекетке жұқпалы індет жайыла бастаса, індетке шалдыққан науқастарды емдеуден де маңызды нәрсе – сау адамдарға індетке қарсы вакцина егу болып табылады. Өйткені індеттің себебін жоймаса, салдарымен күресіп оны ауыздықтау мүмкін емес. Дәл сол сияқты мақсым ағамыз Қазақстанға табаны тиген 1992 жылдан бастап елін, қазағын уаххабизм індетінен сақтандырумен қатар сол індетке қарсы күн-түн демей, жанқиярлықпен еңбек етіп, рухани вакцина егумен келеді. Ал ол вакцинаның аты – Ясауи ілімі. Мақсымның Ясауи ілімін насихаттаудағы ұтқыр амалдарының бірі – «Ясауи» хикметшілер тобын құруы еді. Осы хикметшілер тобы Қазақстанды неше айналып,  еліміздің түкпір-түкпіріне, кішігірім ауылдарға дейін, тіпті, Ресей, Маңғолиядағы бауырларымызға да бірнеше реттен барып, Ясауи мұрасымен сусындатып қайтты. Мен өзім «Ясауи» тобының концерттерін бірнеше рет көріп, тамашаладым. Елдің ықыласы ерекше, алған әсерді сөзбен айтып жеткізу қиын. Концерте ара-арасында ясауитанушы ғалымдар сөз алып, ясауи ілімінің сырларын ашса, дінтанушы мамандар діни экстремизм қатерінен елді сақтандырады. Елбасымыздың дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайында сөйлеген сөзінің Ясауи жолы жайлы айтылған жерін қалта телефонға жазып алып, концертке жйналған қауымға тыңдатып, концерт соңында осындай Елбасы берген Алла Тағалаға сансыз мадақ айтылып, шүкіршілік жасалады, «Біздің жолымыз – Ясауи жолы» деп дұрыс бағытты тап басып, тауып беріп отырған Елбасыға рахмет айтылып, ол кісінің ақысына дұға жасалып, Құдайдан бар жақсылық тіленеді. Хикметшілер болып, сол топтың концертіне жиналған қауым болып елдің тыныштығын, Елбасымыздың амандығын, абыройын қол жайып, Құдайдан тілеп, бір мақсат, бір көзқараспен, ерекше бір қимастық халде тарасады.
«Ясауи» тобы жылына Гиннестің рекордтар кітабына енген әншілердің өздерінен он есе көп концерт қояды екен. Оңтүстік Қазақстанға келген сапарында мен өзім олардың күніне төрт жерде, фонограммасыз, өз дауыстарымен концерт бергенінің куәсі болдым. Бұл недеген еңбек!
2008 жылы «Сенім.Білім.Өмір» республикалық қоғамдық бірлестігі Семей қаласында Шәкәрім атамыздың 150 жылдық мерей тойын атап өтті. Қонақ ретінде сол тойға мен де қатыстым. «Бұл ән өзге әндерден өзгерек» деп Шәкәрім атамыздың өзі айтқандай бұл той да өзге тойлардан өзгеше болды. Той бағдарламасына бірнеше шара енгізілген екен. Мен соның екеуіне ғана тоқталып өтпекпін. Біріншісі – жас шәкәрімтанушы ғалымдардың республикалық ғылыми конференциясы, екіншісі – «Адамдық борышың – халқыңа еңбек қыл» деген тақырыппен өткен Шәкәрім атаның сыр сөздерін жатқа айтушылардың республикалық байқауы. Жасыратыны жоқ, біздің ғалымдарымыз да, ақындарымыз да Шәкәрім ата шығармаларын түсіне бермейді. Ал мына кнференцияда жастарымыздың ата шығармаларын талқылауы, сыр сөздерін жатқа айтып қана қоймай, оның терең мәнін ашып көрсете білуі жұрттың бәрін тәнті етті. «Атаның 150 жылдығын атап өтеміз деп Үкіметтен қыруар қаржы алғандар да мұндай шара өткізе алмап еді. Өз күштеріңмен осынша ауқымды шараларды атқарып жатқан сендерге рахмет» деп Семей жұрты ағынан жарылды.
Мен Шәкәрім атаның сыр сөздерін жатқа айтушылардың Түркістан, Шымкент қалаларында өткен байқауларында да қазылардың қатарында болдым. Жастарымыздың ата мұрасына деген ықылас-пейілі өте жоғары. Ясауи, Абай, Шәкәрім мұраларын жанына жалау еткен елді жау алмасына, ол ел уахабит, салафиттердің жетегінде кетпейтіндігіне менің көзім әбден жетті. Ал осы игілікті істердің бәріне мұрындық болып жүрген Исматулла мақсым ағамыз. Мұны дос та, дұшпан да мойындайды. Сондықтан да ұлт руханиятының, еліміздің дұшпандары жала жауып, мақсым ағамызды соттатып, көзін құртпаққа тырысып бағуда...
— Үстіміздегі жылдың 11 наурызы күні Түркістанда өздеріңізбен, яғни зиялы қауым өкілдерімен кездесуі барысында «Біздің өз жолымыз бар, ол – Ясауи жолы» деп Елбасымыз тағы да шегелеп айтты. Содан бері бір оң өзгерістер, Ясауи іліміне бетбұрыс байқалатындай...
—    Елбасымызға рахмет! Сол кездесуде Президентіміздің көңіл-күйі ерекше болды, жаһандану заманында елдің бірлігін, руханиятын сақтап қалатын Ясауи жолы деп отырған жүзінен үмітті көрдік. Ол кісі мұндай аталы сөзді әрдайым-ақ айтып келеді. Өкінішке қарай осы уақытқа дейін Елбасымыздың бұл пікірін қолдап, ары қарай дамытқан, яғни Ясауи жолын жаңғыртып, ілімін насихаттаған Исматулла мақсым мен «Сенім.Білім.Өмір» қоғамдық бірлестігі ғана болды. Ал адамның баласын мұсылман, кәпір деп екі топқа ғана бөлетін ұлтымыздың жаулары уахабиттер мақсым ағамызға, аталмыш бірлестікке түрлі жаланы жауып, дегеніне жетіп, өткен жылдан бері ағамыз қамауда отыр, ал бірлестіктің жұмысы тоқтап тұр. Біздің құқықтық саладағы мемлекеттік органдарымыздың уахабиттердің жетегінде кеткені өте өкінішті ғана емес, өте қауіпті де. Осылай Ясауи жолындағыларды тұқыртқаннан кейін уахабиттер Елбасымыздың аталы сөзіне қарсы шығып, қасиетті Түркістанды «шірікстан» деп қорлағанын жоғарыда айттық. Олар онымен де тынбай Ақтөбеде, Астанада, Шұбарши, Кеңқияқ, Атырауда түрлі жарылыстар, атыс-шабыс, ылаңкестік әрекеттер ұйымдастырды. Осыдан кейін барып тиісті органдар Елбасымыздың «Біздің өз жолымыз бар, ол – Ясауи жолы» деген сөзінің мәнін түсіне бастағандай. Бірақ Шерхан ағамыз айтқандай Ясауи жолының бірден-бір жаңғыртушысын қамап қойып, Ясауи жолын жаңғыртамыз дегенге кім сенеді?! Осы уақытқа дейін Елбасымыз қанша айтсада Ясауи ілімін көзге ілмей, «ширк», т.б. деп, ал Ясауи  жолындағыларды «адасушылар», «Ясауидің атын жамылушылар» деп қаралап, қасарысып келгендер енді Ясауи ілімін таратумен айналысамыз десе, нағыз Құдай ұрғандық сол болады. Өйткені екіжүзділік бар жерде іс оңбайды. Сондықтан біз уахабизмді, яғни діни экстремизмді ауыздықтағымыз келсе, Ясауи жолын жаңғыртып, ілімін қоғамға кеңінен жаюымыз керек, ал ол үшін Ясауи ілімін терең меңгерген, жолын жаңғыртып мол тәжірибе жинаған Исматулла мақсым ағамызды жабылған жаладан арашалап, ақтап алуымыз керек. Түркістанда зиялылармен кездескенде Елбасыға мақсымды қамап қойғаны туралы айтқым келді, бірақ еш мүмкіндік болмады.
—    Шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар бар?
—    Қазір мен жазба ақындыққа көштім. Биыл «Ұлық Ием алғанда кеңдігіне» деген кітабым жарық көрді.
—    Ізіңізден келе жатқан ақын шәкірттеріңіз бар ма?
—     Айтыскер ақындардың бәрі шәкірт қой. Ақмарал, Маржан, Анар, Карима, Бекарысты атап айтар едім. Еліміздің әр түкпіріндегі айтыскер ақындардың көбісі еліктеді, шумақтарымызды айтып жүрді. 
—     Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан:
Дәурен СЕЙІТЖАНҰЛЫ

 



Кілт сөздер:

Пікірді қалдыру



    Заполните все поля или авторизуйтесь
    Сіздің пікіріңіз қосылды және модератор тексергеннен кейін сайтқа шығады
    Аты: E-mail:

    Соңғы жаңалықтар